БҚО коронавирус бойынша «сары» аймаққа кірді
Біздің облыстан басқа, «сары» аймақта Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары орналасқан.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді.
Айта кету керек, барлық өңірлерде COVID-19 ауруының өсуі байқалады. Вирустың репродуктивтік индексі республика бойынша 1,2, инфекциялық төсектердің толтырылуы – 21%, реанимациялық төсектердің толтырылуы — 17% құрайды.
Қызыл аймаққа Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары, сары аймаққа Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары кірді.
Премьер-Министр қызыл және сары аймақтардағы өңірлердің әкімдеріне жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қабылдап, мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігіне:
1. Барлық медициналық қызметтердің орталық және өңірлік деңгейде сырқаттанушылықтың ықтимал өсу жағдайына толық дайындығын қамтамасыз ету;
2. Халықпен шектеу шараларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізу;
3. Шекара қызметімен, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, шетелдіктерге Қазақстанға кіру үшін берілетін денсаулық сақтау ұйымдарының шақыру құжаттарына бақылауды күшейту;
4.Әділет министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, ҚР аумағында емделу үшін шетел азаматтарына шақыру беруге уәкілетті, өңірлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесін айқындау тапсырылды.
Ішкі істер министрлігіне халық пен бизнес субъектілерінің шектеу және карантин шараларын сақтауын бақылау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын күшейту тапсырылды (биылғы 17 тамыздан бастап елімізде 41 мың рейдтік тексеру жүргізілді, 8,7 мың карантинді бұзу фактісі анықталды).
