№35 маршрутты сағаттап күтуге мәжбүр
Орал қаласының тұрғындары №35 маршрутты ұзақ күтетіндеріне наразы. Тұрғындар аталған маршрутты «бір сағатқа жуық күтуге тура келеді» деп шамданып отыр. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі алдағы екі аптада бұл мәселе шешіледі деп сендіреді.

Бұрын қоғамдық көлікті жүргізген қала тұрғыны Юрий Попов «нефтебаза» аймағының тұрғыңдары жұмыстарына жету үшін теміржол аялдамасына жаяу барып, сол жерден басқа автобусқа отыруға тура келетінін айтады.
– №35 маршрут келіп болмайды. Қазір тек қана бес автобус қана жұмыс істеп жатыр деп естідім. Бір сағат күтуге тура келеді. Алда қыс келе жатыр. Адамдар жұмыстарына жете алмайды,- дейді ол.
Оның айтуынша, автобустар санының аз болуы жүргізушілердің басқа маршруттарға кетіп қалуына байланысты дейді.
– Бұрын автобустар жеткілікті болатын. 20 автобус болды. 5-7 минут қана күтетін едік. Қазір тек қана бесеу ғана қызмет көрсетуде. Соның салдарынан бір сағатқа жуық күтуге мәжбүрміз, – дейді Юрий Попов.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмаз Ахошев бұл проблеманың жақын арада шешілетінін айтты.
– Бұл проблеманы шешу үшін қазір жұмыс істеудеміз. Қазіргі таңда жеті автобус қызмет көрсетуде. «АқЖол-авто» ЖШС басшысы Эльдар Вагапов Алматы қаласына қосымша тағы автобустар алуға кетті. Алдағы екі апта ішінде №35 маршруттың саны – 12-ге дейін жетеді, тұрғындардың маршрут күту уақыты қысқарады, – деді ол.
Серік Есенов