«Театр басшысы Салтанат Мақсотқызымен жұмыс істеу тіптен мүмкін емес»

Орал қаласындағы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Талиғат Жігеров пен театрдың бас суретшісі Қайыр Оразғалиев редакцяға шағымдана келді. Айтуларынша, театр басшылығына Салтанат Әбілғазиева келгелі өнер ордасының жұмысы ілгері емес, кері кеткен көрінеді.

«ОА» мұрағатынан.

«Бірнеше қызметкердің жалақысын жөнсіз кесіп, біразын жұмыстан шығарып жіберді» деген олар ҚР президенті мен жергілікті құзырлы органдарға арыз-шағым жолдаған.

-Айтарымызды айтып, талабымызды қойып, құзырлы органдарға жүгіндік. Салтанат Мақсотқызы директор болып келгеннен бір-екі айдан кейін бірқатар қызметкерге қырын қарап, жастарды қыса бастады. Жұмысқа екі минут кешіксе түсініктеме жаздыратын болды. Ол ол ма, дайындық кезінде актер, актриса даусын шығарып айғайлай алмаса да түсініктеме жаздырады, қойылым кезінде аяққа салатын кісенді дұрыс шылдырлатпаса тағы сол түсініктеме. Яғни қит етсе болды түсініктеме жаздыратынды шығарды. Осылай бүріп ұстағанның кесірінен 32 адам жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Бұл – өзіне команда құрудың тәсілі. Театрда команда құруға болмайды, ол өнер ордасы. Бұл – бір. Екіншіден, пандемия кезінде біраз адамның жалақысын қысқартып тастады. Мен мұны жөнсіз әрекет деп есептеймін. Өйткені әркімнің төлейтін несиесі бар, азық-түлік болса күннен күнге қымбаттап жатыр. Қиын-қыстау кезде қайта көмектесу керек қой. Бір жиында не себепті айлықты кесіп тастағанын сұрадық. Сонда ол: «Жоғарыдан сондай тапсырма келді» деп жауап берді. Сосын мен: «неге менен 25 мың кесіп тастадыңыз?» деп және сұрадым. «Сіз «Жұбан» қойылымында ойнаған жоқсыз» деді. «Мен келіп қатыстым, режиссердің өзі «сіздер қатыспай-ақ қойыңыздар аға, жастар қатыссын» деп айтты дедім. «Демек сіз режиссерға ұнамай қалғансыз ғой» деп қарап тұр. Мен осы театрда 25 жыл жұмыс істеп келе жатырмын, бір қойылымға қатыспадың деп сонда 25 мың кесу керек пе? Ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Өзіңіз ойлаңызшы, «ақша жоқ» деп қызметкерлердің жалақысын қысқартады екен, ал қойылымға Астанадан суретші алдыртады. Театрда бір емес екі суретші бар. Міне, қасымда отырған бас суретші Қайыр Оразғалиев республикалық, халықаралық байқаулардан бір емес үш рет жүлде алып келді. Астанадан келетін суретші тегін келмейді ғой, оның келіп-кететін жолақысын, жататын жерін барлығын есептегенде оған шамамен миллиондай ақша төлеу керек болады. Одан да көп алуы мүмкін. Әділдік пе?! Біз осындай әділетсіздікке шыдамағасын жан-айқайымызды фейсбук әлеуметтік желісіне жазуға тура келді, — дейді Талиғат Жігеров.

Театрдың 16 қызметкері қол қойып, басшысын ауыстыруды талап етіп, облыс әкіміне, мәдениет басқармасына, облыстық кәсіподақ комитетіне хат тапсырған.

— Оның алдында жиналыста облыс әкімі орынбасарының көзінше барлық шындықты айттық. Одан кейін облыстық мәдениет басқармасының бастығы мен облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы келіп тағы да жиналыс өткізді. Бір қызығы, театрымызда осы кезге дейін құрылып көрмеген ұжымдық кәсіподақ комитетінің келісім комиссиясын құру керек боп қапты. Және ол комиссияда «заң бойынша», 8 адамның 4-еуі театр әкімшілігінен болуы керек екен. Сөйтіп, жергілікті кәсіподақ комитетінің келісім комиссиясы құрамына бас бухгалтер, директордың орынбасары, кадр бөлімінің меңгерушісі, көркемдік жетекші, ол аз болғандай, бесінші болып комитет төрайымы, әдебиет бөлімінің меңгерушісі, директордың группаласы кірді. Мұндай тұтқиыл тәсілден абдырап қалған ұжым өйтіп-бүйтіп өз тарапымыздан екі адамды ұсындық, біреуі шыдамай өзін-өзі ұсынды, — дейді Талиғат Жігеров.

Оның сөзінше, қоғамдық резононс туғаннан соң басшысы Салтанат Әбілғазиева шақырып алып (Талиғат Жігеровты – ред) кешірім сұрағанын айтады.

-Сонда мен Салтанатқа «мен сізді кешіре алмаймын, өйткені біраз қызметкердің жалақысын қысқарттыңыз, онымен қоса театрда 10-15 жыл тер төгіп, еңбек еткен адамдардың жұмыстан кетуіне тікелей себепкер болдыңыз. Сондықтан, өз еркіңізбен орныңызды босатқаныңыз дұрыс болады деп, — айттым деген Талиғат Жігеров осындай алауыздықтың кесірінен қазір ұжым алтыға бөлініп кетті дейді.

-Бұрын барлығымыз бір-бірімізбен жақсы араласып, сәлеміміз түзу болды. Бір отбасындағы жанұядай тату-тәтті өмір сүріп, қызмет еттік. Ал қазір соның жұрнағыда қалмады. Бір-бірімізге суықпыз. Ара-қатынасымыз дұрыс болмаса қалай жұмыс істейміз, бір-бірімізге іштей кіжініп жүріп, сахнада өтірік күліп, көрерменге не ұсынбақпыз сонда? Бұл – қойылымдардың құрдымға кетуіне тікелей әсер ететін фактордың бірі. Өнер адамдары – сезімнің адамы. Бірнәрсе орын алса, көңіліне алады. Сондықтан бір сахнада қойылымды бірге ойнайтын өнер адамдары арасында кикілжің болмауы тиіс. Мұндай жағдайға өзімен ғана емес, әріптестерімізбен арамыздың бұзылуына себепкер болған Салтанат Мақсотқызы кінәлі. Осындай жағдайдан соң ол кісімен жұмыс істеу тіптен мүмкін емес. Атқарып отырған жұмысына лайық еместігі жан-жағынан көрініп, дәлелденіп отыр, — дейді Талиғат Жігеров.

Ол театр басшысының фейсбук әлеуметтік желісі жазбасындағы «Театрдың 14 млн. теңгеден аса қарызының 11 млн-ын жаптым» деген сөзіне күмәнмен қарайды.

-11 млн.теңгені қай ақшамен жапты, мен соны түсінбеймін. Өз қалтасынан шығармағаны анық қой енді. Пандемия кезінде ешқандай қойылым қойылған жоқ. Театрдың жұмысы тоқтады. Қызметкерлерінен қысқартып тастаған ақшамен жапты дейін десең, ол мүмкін емес. Өзін ақтағанда да дұрыстап ақтау керек қой. Өтіріктің де шегі бар ғой, — дейді Талиғат Жігеров.

Театрдың бас суретшісі Қайыр Оразғалиев «Салтанат Әбілғазиеваның жоғарыда тірегі бар. Өз жағдайын ойлап отырғасын орнынан кетпей отыр. Басында қызметтік пәтері, астында қызметтік көлігі болған соң түкірігі жерге түспей жүр ғой. Жылы орыннан кім кеткісі келеді дейсіз, — дейді ол.

Театрда бір жылдан астам қызмет еткен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері ақын-ұстаз Дариға Мұштановаға хабарласқанымызда, Салтанат Әбілғазиева басшы болып келісімен «мені жұмыстан кетіруге асықты» дейді.

-Салтанат келгеннен кейін үш-төрт күннен соң есепші келіп, «сізге директор жұмыстан шығу турасында арызын жазып берсін деп жатыр» деді. Негізі әу баста театр сыншысы болып жұмысқа келгенімде тек бір жылдай ғана істеймін деп айтқам, бұрынғы директор Қуанышқа. Содан жарар енді, жұмыстан шықсам, шығайын, онсыз да бір жылдай уақыт болды ғой деп ойладым. Бірақ Салтанаттың «өз еркімен арызын жазып берсін» деген сөзі менің шамыма тиді. «Мен мына жұмысқа сұранып келген ештеңем жоқ, кезінде Қуаныш шақырғасын келдім. Мен кел дегенге келіп, кет дегенге кетіп жүре беретін адам емеспін. Менің орным керек болып, жұмыстан шығарып жібергілерің келіп жатса, тиісті бұйрықтарыңды беріңдер де, жұмыстан шығарыңдар, қарсылығым жоқ» дедім. Содан жұмыстан кетейін деп жүргенде театрдағы актер, актрисалар «апа, кетпеңіз, сіз бізге керексіз. Келе салып дүрбелең туғызып жатыр, көріңіз не боларын» деді. «Арызыңызды жазбайсыз ба, басшы күтіп отыр» деп есепші тағы екі-үш мәрте келді. Сосын Салтанаттың өзі хабарласып «апа, келіп кетіңізші» деді. Бардым. Өзімнің уәжімді айттым. «Театрдың қаржылық жағдайы қиын, менің қателігім сізге өзім айтуым керек еді. Жыл соңына дейін істей беріңіз» деді. Содан қалдым, — дейді Дариға Мұштанова.

Оның айтуынша, пандемия кезінде театр басшысы хабарласып ешқандай қойылым қойылмағасын түсім жоқ екенін, сондықтан жұмыстан шықсаңыз деп ұсыныс айтқан.

-Жарайды, жағдайды түсінем ғой, — дедім. Кейін кадр маманы ма, есепші ме, біреуі қоңырау шалып, «өз еркіңізбен арызыңызды жазыңыз» деп тағы айтты. Мен ондай сөзді жақтырмайтын адаммын. Ол сөз адамның арына, шамына тиеді. Өзін-өзі сыйлайтын адам ешқашан басындыруға жол бермейді. Содан «Пандемияның кезінде табыстың жоқ болуына орай және сіздің «жұмыстан шық» деп айтқан ұсынысыңызға байланысты жұмыстан кетуге қарсы емеспін» деп арызымды жазып жібердім. Бірер уақыттан соң кадр маманы хабарласып, «мұндай арыз жарамайды, «өз еркіммен жұмыстан босатуыңызды сұраймын» деп театрға келіп арыз жазып беріңіз» деді. Бұл сөзіне қатты ашуланып «Сендер немене қайта-қайта «өз еркіңмен арыз жаз» деп қоймайсыңдар. Мен істемеймін жұмыстарыңды, керегі жоқ. Өздерің себебін көрсетіп, бұйрықпен шығарыңдар» деп ренішімді білдірдім. Содан кейін ғана бұйрықтарын шығарып, тиісті ақшаларын төлеп жұмыстан шығарды, — дейді Дариға Мұштанова.

Мәселенің мән-жайын білмек болып театр басшысы Салтанат Әбілғазиеваға қанша хабарлассақта қоңырауға жауап бермеді. Театрға аяқтай барғанымызда күзетші ол кісі сырқаттануына байланысты (больничный) демалыста екенін айтты.

БҚО мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов бұл дау-дамай заң аясында шешілетінін айтады.

-Кәсіподақтың ішінен келісім комиссиясы құрылды. Қазір ол жұмыс істеуде. Бұл мәселеге қатысты өткенде біздер жиналыс өткіздік. Ұжым екі топқа бөлінген. Директорды қолдағандар да болды, қарсы пікір айтқандар да болды. Оның себебін тәртіп күшейгенмен байланыстырып отыр. Біздер де өз тарапымыздан комиссия құрдық, барып тексеретін болады. Енді біреу айтты екен деп театр басшысын жұмыстан шығарып тастай алмаймыз ғой. Себеп керек қой. Әлеуметтік желіге жазып отырғандардың да өз себептері бар ғой, театрда бір адам қарсы болса, демек бірдеңе дұрыс емес деген сөз. Басшы болған соң барлығымен тіл табысып жұмыс істеу керек, мен мұны директордың өзіне де ескертіп айттым. Заң аясында шешім қабылданатын болады, — деді Сайран Темірғалиұлы

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ

Помогите нам рассказывать правду

Наши журналисты не боятся добывать правду, чтобы показывать ее вам. В стране, где власти постоянно хотят что-то запретить, в том числе - запретить говорить правду, должны быть издания, которые продолжают заниматься настоящей журналистикой.

Мы хотим зависеть только от вас — тех, кто хочет знать правду, тех, кто не боится быть свободным. Помогите нам рассказать вам правду.

Пожалуйста, поддержите нас своим вкладом в независимую журналистику!

Это просто сделать.

Можете нас поддержать через KASPI GOLD, отправив свою сумму на номер 8 777 761 02 61

x
2025-11-10
Утром1.88 ℃
Днем7.82 ℃
Вечером7.48 ℃
Ночью7.43 ℃
Влажность66 %
ДавлениеhPa 1021
Скорость ветра6.27 м/с
2025-11-11
Утром7.57 ℃
Днем8.4 ℃
Вечером8.8 ℃
Ночью8.23 ℃
Влажность78 %
ДавлениеhPa 1017
Скорость ветра4.26 м/с