Оралда қараша айының соңына қарай 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы ашылады
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Өңірде күн сайын 30-дан 45-ке дейін коронавирус жұқтырғандар тіркелуде. Бұл алаңдатпай қоймайды. Мұның бір себебі – Батыс Қазақстан Ресейдің бес бірдей облысымен шектеседі. Күн сайын 2 мың – 2500-дей адам шекарадан өтеді. Олардың арасында жүргізушілер, жаяу жүргіншілер де бар.
«Біз зертханалар санын ұлғайттық. Қазір тәулігіне 2750-ге дейін зерттеу жасай алатын 8 зертхана бар. Тәулігіне 1200-ден 1600-ге дейін зерттеу жасалуда. Облыста 7 жұқпалы аурулар стационары болса, қазір олар 33,2 пайызға толған. Резервте 2028 төсек (1253 жұқпалы аурулар, 775 карантиндік) әзірленді. Облыстың медицина ұйымдары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Медицина қызметкерлерінің тапшылығы жоқ. Дәрі-дәрмек те жеткілікті», деді Ғ.Есқалиев.

Карантин және пандемия жағдайында volonteer07.kz. сайтында 10 мыңнан астам адам бар облыс еріктілері көмек көрсетуде.
