Қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға жергілікті бюджеттен 35 млн теңге бөлінді
Осыдан екі-үш күн бұрын ШҚО-ның Сатпаев қаласында 6 жасар қыз бала итке таланып қайтыс болды. Бұл оқиғадан соң жергілікті билік Орал қаласындағы қаңғыбас жануарларды аулауға 35 млн.теңгеден астам ақша бөлді.

— Облыс аумағында бұралқы иттер мен мысықтарды аулап, био зарарсыздандырудан өткізуге облыстық бюджеттен 35 млн. 454 000 теңге қаражат бөлінді. Бөлінген қаражатқа облыс аумағында 3 110 бұралқы ит пен мысықты аулап, био зарарсыздандырудан өткізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда 1 903 бұралқы ит мен мысық ауланып, оның 1 055-і био зарарсыздандырудан өтті, — дейді БҚО ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы Балдай Сапарғали.
Оның сөзінше, ауланған қаңғыбас ит-мысық био зарарсыздандырудан өткен соң қайтадан жіберіледі.
— Қалалық және аудандық ветеринариялық станция мамандары қаңғыбас иттер мен мысықтарға клиникалық тексеріс жүргізеді. Олардың ішінде емдеуге жатпайтын ауруға шалдыққандары болса медикментозды жолмен өлтіріледі. Ал қалғандарына чиптеу, дегельминтизация, құтыру ауруына қарсы вакциналау және био зарарсыздандыру шаралары жүргізіледі, — деді Балдай Сапарғали.
Естеріңізге саламыз, былтыр Орал билігі қаңғыбас иттерді аулау үшін 28 млн теңгеден астам қаржы бөлді.
Серік Есенов
