«Аса қажеттілік болмаса, медициналық мекемелерге бармауға кеңес беремін»
Өңірде эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі, БҚО-да өткен тәулікте 39 адам індет жұқтырды. Оның ішінде 22 адамнан ауру белгілері табылса, 17-сі симптомсыз.

БҚО-ның Тасқала, Жәнібек, Ақсай, Сырым санитарлық бекеттері жанында ашылған 185 төсек-орындық төрт карантиндік стационарда қазіргі таңда 27 науқас емделуде. Бөкейордасы ауданында да 16 қосымша резервті инфекциялық төсек-орны өз жұмысын бастаған.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманова айтты.
-Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық көпбейінді аурухана және Бөрлі, Ақжайық, Жәнібек, Бәйтерек және Бөкей ордасы аудандық ауруханалары базасындағы 349 төсек-орындық жеті инфекциялық ауруханада 129 адам емделуде. 39 реанимациялық төсек-орнында 8 науқас жатыр. Олардың ішінде 60-тан 80 жасқа дейінгі науқастар – 80%, ал 80 жастан жоғары – 20 % құрайды,- деді Гүлнар Абдрахманова.

Оның сөзінше, қазіргі таңда өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған адам жоқ. «Облыс тұрғындары эпидемиологиялық жағдайға байланысты аса қажеттілік болмаса, медициналық мекемелерге бармауға кеңес беремін»,-деп сөзін түйіндеді Гүлнар Абдрахманова.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ