БҚО-да осы кезге дейін 7 912 адам індет жұқтырды
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, облыста осы кезге дейін 7 912 адам індет жұқтырды.
Күні бүгін соның 7 188-і немесе 90,8 пайызы жазылып шықты. Осының 3 329-ы стационарда емделсе, 3859-ы амбулаторияда қабылдады.
Індет салдарынан 131 адам көз жұмды.
Г.Әбдірахманованың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда 185 төсектік 4 карантин стационарында 46 адам жатыр. Ал 359 төсектік 7 инфекциялық стационарда 126 адам емделуде.
Соның ішінде 10-ы жансақтау бөлімшесінде. Бұлардың екеуі 40 пен 60, алтауы 60 пен 80 жас аралығындағылар болса, қалған екеуі – сексеннен асқандар. Бәрінің де қосымша созылмалы сырқаттары бар, 9-ы жүрек-қан тамырлары, біреуі қант диабетіне шалдыққан.
Сол секілді инвазивті емес өкпені жасанды желдету аппаратына 5, оттегі концентраторына 9 науқас қосылған.
«Жалпы, облыс бойынша медициналық ұйымдар 195 өкпені жасанды желдету аппараты, 645 оттегі концентраторы, 1 063 оксиметр, 198 оттегі көзі, 425 Бобров аппаратымен қамтамасыз етілген. 7 цифрлық рентген аппараты сатып алынып, ковидті пневмонияны диагностикалау үшін аудандық ауруханаларға жеткізілді», деді Г.Әбдірахманова.