БҚО-да ауыл тұрғындары газсыз отыр (БЕЙНЕ)

БҚО Талдықұдық ауылына осыдан бірнеше ай бұрын газ құбыры тартылған. Талай жылдан бері от жағып келген тұрғындар көгілдір отын келеді дегенде қуаныштарында шек болмаған. Үйлеріне газ кіргізу үшін ақшаларында төлеп қойған. Алайда мердігер мекеме жұмысты толық аяқтамай тастап кеткен. Ашуға булыққан ауыл халқы шенеуніктерден «бұл мәселені тезірек шешсін» деп талап етіп отыр.

Игіліктен құр қалған ауыл

Облыс орталығы Орал қаласынан шамамен 290 шақырым жердегі ауыл әкімшілік бөлініс бойынша Казталов ауданына қарайды. Ауылға бару үшін төрт-бес сағаттай жүруге тура келді. Жалпақтал ауылына жетпей оңға бұрылдық. Кедір-бұдырлы қара жолдың ми батпағы шығып жатыр. Редакция көлігі балшыққа батып, біраз әбігерге түсіп, әзер дегенде ауылға жеттік. Талдықұдыққа кірген бойда құлағалы тұрған электр бағаналары бірден көзге түседі. Ауыл іші өлі тыныштық. Құдды бәрі көшіп кетіп, қаңырап бос қалғандай. Көшені кезіп жүрген сиырлардан басқа тіршілік иесі байқалмайды.

640 тұрғыны бар бұл ауыл екі бөлікке бөлінген. Арасы 400-500 метр болады. Ауыз су, асфальт жол, интернет деген игіліктер атымен жоқ. Ұялы байланыстың өзі әрең ұстайды. Он бір жылдық мектебінің өзі азып-тозып тұр. Суық жел кірмесін деп терезелерін целлофан пакетпен жауып қойған. Жалғыз спорт алаңы ғана ауылдың «көркін» келтіріп тұрғандай.

Ауылға газ құбыры тартылып, үйді-үйлерге көгілдір отын кіріп тұрғанымен газ қысымын реттеуші шкаф қойылмаған. Біраз тұрғын ошақ пен пештерін бұзып, газ плита, газ есептегіш құрал сияқты қажетті заттарды алып қойған. Ауыл тұрғыны Шынболат Сейтмағамбетов газ табылдырыққа келіп тұрса да игілігін көре алмай отырғандарына қынжылады.

– Мына жерде ошақ болды. Газ келеді деген соң бұзып алып тастап едім, – деді ол ошақтың орнын саусақпен нұсқап көрсетіп.

– Қазір бір ошақ ғана қалды, – деді сөзін әрмен қарай жалғап:

– Ол енді барлық бөлмені жылыта алмайды ғой. Үйде 85 жастағы үлкен кісі бар. Қиын боп тұр. Оның үстіне отынды да аздау жинап едік. Жалғыз мен емес, газ келеді деп барлық тұрғын қуанып, ошақтарын бұзып тастады. Енді газ келмеуі мүмкін деп жатыр. Қуанышымыз су сепкендей басылып қалайын деп тұр. Үйге газ кіргізу үшін 220 мың теңге деді. Соның 110 мыңын алдын ала төлеп қойдық. 500 мың теңгеге барлық заттарды алып, дайындап отырмын,-деді Шынболат Сейтмағамбетов алып қойған заттарын көрсетіп.

Жауаптылар желтоқсан айында газ болады деп сендірді деген тағы бір тұрғын Гүлсайран Супғалиева алдағы айда көгілдір отынның қызығын көріп қалам ба деген үмітте.

-Бізге желтоқсан айында газ болады деді ғой. Айтқан уәделерінде тұрады деген үміттеміз. Отынды биыл жылдағыдан аз жинадық. Күн жылынғанша жетер деп ойлап отырмыз. Күніге тірлігіміз осы – от шағу. Үйді жылыту керек. Отты түнгі он екі-бірге дейін жағамын. Әйтпесе, үй салқындап кетеді. Тезірек газ берілсе жақсы болар еді, – деді ол ошаққа тезек қалап жатып.

«…мен нақты білмеймін»

Талдықұдық ауылы әкімі Ақжол Қазиуллин

Ауыл әкімі Ақжол Қазиуллин болса «дәл осы күні газ беріледі» деп ешкімге уәде бермедік дейді.

– Тұрғындармен жиналыс өткізгенде «барлық пештеріңізді бұзбаңыздар, біреуін болса да алып қалыңыздар» деп ескерттік. Ешкімге осынша күні газ болады деп уәде берген жоқпыз, – деген ол ауылға газ тарту жұмысы тамыз айында ғана басталды деп отыр.

– Әлі толық аяқталған да жоқ. Оны «Алия Сервис» ЖШС жүргізді. Қазіргі таңда 117 үйдің 94-і газ кіргізді. Үйлерге газ кіргізумен «КазГид» ЖШС айналысты. Мәселе неден туындап жатқанын мен нақты білмеймін, қазір сағат төрт те осы мәселе бойынша мәдениет үйінде жиналыс болады. Аудан әкімінің өзі келеді, сұрақтарыңызға со кісі жауап берер, -деді ауыл әкімі.

Кешігіп келген әкім

Мәдениет үйінің алдында ауыл халқы аудан әкімін күтіп тұрған сәт

Сағат 16.00-де басталуы тиіс жиналысқа Казталов ауданы әкімі Альберт Есалиев жарты сағатқа кешігіп келді. Мәдениет үйінің күзетшісі аудан әкімі келмейінше ауыл халқын ішке кіргізбеді. Тұрғындар сыртта күтуге мәжбүр болды.

– Ішке кіре беріңіздер,- деді Альберт Есалиев келген бойда. Дірдектеп сыртта тұрған тұрғындар ақырындап ішке енді. Орындықтарға жайғасып, әкімді тағы 10 минуттай күтті.

Көп кешікпей әкім де орнына отырды. Ол сөзінің басын тұрғындардан кешірім сұраумен бастады.

– Кешігіп келгеніме кешірім сұраймын, -деді Альберт Есалиев ұзақ күттіргеніне өзін «кінәлі» сезінгендей.

– Тұрғындар тарапынан қордаланып қалған мәселелер болар деп алдарыңызға келіп отырмын. Сондықтан қандай сұрақтарыңыз бар, қоя беріңіздер, -деді ол залға жиналған халыққа қарап.

Бірінші болып микрофонды алғашқы қатарда отырған қария алып, әкімге алғыс айтты.

– Талдықұдыққа газ келуі сіздің арқаңызда. Сізге көп-көп рахмет. Газды жүргізген жігіттерге де алғыс айтқымыз келеді. Ешқандай айқай-шусыз бітіріп кетті деуге болады. Енді газге қатысты алып қашпа сөздерді өзіңіз айтып түсіндірерсіз, – деді әлгі қария.

Одан кейін сөз сөйлеген орта жастағы азамат әкімнен көгілдір отынды осы жылдан қалдырмай қосып беруін сұрады.

– Біразымыз газдың алғашқы жарнасын төлеп қойдық. Үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, газ плита, газ есептегіш құралы мен паровой алып қойдық. Сондықтан сізден осы мәселені шешіп берсеңіз екен,-дей бергенде сөзін бір әйел жалғай жөнелді:

– Ауылымызға көгілдір отын келгенде барлығымыз жас балаша қуандық. Енді газ болмай қалуы мүмкін деген сөздер біздің көңілімізді алаңдатып отыр. Ауданнан шалғай жатқан ауылымыздың жолы нашар, интернет, ауыз су тағы жоқ. Барлығы сатылап келеді деп біздер шыдап отырмыз. Газ келсе ешкім ауылдан көшпей, шаруашылықтарын дамытқысы келіп отыр. Газ ауылымызға кіріп тұрып, оны пайдалана алмауымыз кешірілмейтіндей көрінеді маған. Бұл мәселені осы жерде нақтылап шешіп алуымыз керек, – деді әйел даусын нығырлай сөйлеп. Отырғандардың барлығы оны қолдап, қол шапалақтады.

«Үш ай болды ұйықтамағаныма»

Казталов ауданы әкімі Альберт Есалиев

– Санитарлық талапқа сай мына жерде көп отырмауымыз керек. Ертең біреулер ауырып қалса, аудан әкімі келіп алып бір сағат отырды деген әңгіменің маған қажеті жоқ, – деді Альберт Есалиев жиынның көпке созылғанын қаламағандай кейіп танытып. Одан соң:

– Бұл мәселені ауданның бюджетінен шеше алмағасын облыс әкіміне «Талдықұдықтағы газ мәселесін шешуіміз керек» деп үнемі айтып жүрмін. Бұл жерде тек Талдықұдық қана емес, басқа да шағын ауылдар бар. Бәрі бір жобанын ішінде. Биыл сіздерде газ болады деп ешкім кепілдік берген жоқ. Енді мәселе былай болып отыр: 2018 жылы тендер ойнатылып, төрт ауылға газ тарту үшін 10 млн.теңге қаржы бөлінген. Мердігер мекеме «Алия Сервис» сол 10 млн.теңгені игеріп, құрылысты тоқтатты. Тапсырыс беруші облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Алия Сервис»-тің арасында келісім шарт 2018-2019 яғни екі жылға жасақталған. Мердігер мекеме өткен жылдың соңында тапсыруы қажет еді. Енді мердігер мекеме жұмыстарын жалғастырғысы келіп тұр, қаражат бар. Бірақ келісім шарттың уақыты өтіп кеткен. Қайтадан келісім шарт жасай алмай отыр. Мен энергетика басқармасымен күніне екі-үш рет хабарласып, қашан шешіледі деп сұрап отырмын. Энергетика басқармасы мен мердігер мекеме арасында алғашқы сот отырысы болды. Бірақ сот жөнді шешім шығармай отыр. Бұл мәселемен облыс әкімінің өзі тікелей айналысып отыр. «Тұрғындарға осы жылдың аяғына дейін газ болады деп уәде еттік. Олар күтіп отыр» деп облыс әкіміне де айттым. Өкінішке қарай әлі біржақты шешім қабылданған жоқ. Сосын да сіздерге келіп, былай болады деп айтпай жүрмін. Енді біржағына шығар деп сіздер сияқты мен де үміттімін. Газ бола ма, болмай ма, нақты шешім шыққаннан кейін келіп, қалай бар, солай айтамын. Осы Талдықұдықтың газ мәселесін ойлап, ұйықтамай жүргеніме үш ай болды,-деді Альберт Есалиев. (аудан әкімінің сөзін сол күйі беріп отырмыз – ред).

«…тыңдауға міндеттісіз»

– Сіз жаңа «санитарлық талапқа орай көп отыруға болмайды» деп айтып жатырсыз ғой. Онда жиналысты сыртқа өткізуге болатын еді. Сіз енді көп келмейсіз. Сондықтан тыңдауға міндеттісіз, -деді Арзыгүл Есенгабулова есімді тұрғын аудан әкіміне. Сосын:

– Көгілдір отынды тағатсыздана күтіп отырғанымыз рас. Басшылар берген уәделерін орындаса, көреміз енді. Біздер көп сене бермейміз, уәдені бере бересіздер ғой. Қатты айтсам кешірерсіздер. Газдың уақытында келгені жақсы. Келісім шартқа отырдық, 220 мың теңгенің 110 мыңын бердік, -деп сұрақты төтесінен қойды.

Бұл сөз аудан әкімінің шамына тиіп кетсе керек: – Сіз көп келмейсіз деп айтып жатырсыз ғой, мен осы ауылға жазда алты-жеті рет келіп кеткен болармын. Бірақ келген сайын бүкіл халықты жинамаймын. Екіншіден, «уәде етесіз де орындамайсыз» дейтіндей мен сізге уәде ете алмаймын. Өйткені ол маған байланысты емес болса. Сондықтан да сөйлегенде мұқият болайық,- деді аудан әкімі.

Альберт Есалиев біздің «Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Алия Сервис» мердігер мекемесі арасындағы келісім шарт 2019 жылы аяқталған болса, мердігер мекеме қалай 2020 жылы газ тарту жұмысын жүргізіп отыр?» деген сауалымызға:

– Қай жылы тендер өткенін білмеймін. Келісім шарт 2018 жылы жасалған. Ал енді кім рұқсат берді, қалай істелді оны тапсырыс беруші энергетика басқармасынан сұраған дұрыс болады. Тапсырыс беруші солар. Менің мердігерге ешқандай қатысым жоқ,-деп жауап берді.

45 минутқа созылған жиында тұрғындар көгілдір отыннан бөлек, ауыз су, жол, интернет, күрделі жөндеу қажет ететін мектеп мәселесін сөз етіп, осының бәрі ауылдың болашағын бұлыңғыр етіп тұрғанын айтты. Киіктің көптігінен зардап шегіп отырғандарын да жеткізді.

Альберт Есалиев ауыл халқын бұл мәселелер алдағы уақытта шешіледі деп сендірді. Туған жерден көшпей отырған тұрғындар «тұрмысымыз түзелсе, ауыл жанданып түлесе» деген арманмен тарқасты.

Талдықұдықтан күн батып, қас қарайғанда шықтық. «Жолда балшыққа батып, тұрып қаларсыздар» деп, Асхат пен Айбек есімді азамат көліктерімен жол бастап, бізді біраз жерге дейін шығарып салды.

Газ қысымын реттейтін шкафтың орны

Бұл мәселеге қатысты «Алия Сервис» ЖШС басшысының міндетін атқарушы Ануар Марданов пікір білдірді. Ол тапсырыс беруші энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы бір тиын да бермеді деп отыр.

– Біз тендерді 2017 жылы ұтып алдық. Бірақ ақша бөлінген жоқ. Ол ауылға газ құбырын тарту үшін біз 400 млн. теңге өз ақшамызды жұмсадық. Ал энергетика басқармасы бізге ақша төлеген жоқ. 500 млн. теңге беруі тиіс. Бермегесін жұмысты аяқтамадық, – деген ол неліктен газ тарту жұмыстарын үш жылдан кейін бастағандарын, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы не себепті ақшаны бермей отырғанын айтпады.

– Оны энергетика басқармасының өздерінен сұрарсыздар. Қазір өте түсініксіз сот жүріп жатыр,-деп қысқа қайырды.

БҚО энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлері басшыларының рұқсатынсыз ештеңе айта алмайтындарын айтты. Аталған басқарма басшысының өзімен тілдесу мүмкін болмады.

PS: Казталов аудан әкімі Альберт Есалиевтің «2018 жылы тендер ойнатылып, төрт ауылға газ тарту үшін 10 млн.теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекеме «Алия Сервис» сол 10 млн.теңгені игеріп, құрылысты тоқтатты» деген сөзі өзіне қарсы шығып тұрғандай. Өйткені Талдықұдыққа газ тарту жұмысымен айналысқан «Алия Сервис» көк тиын да алмаса, қалай қаражатты игереді? Игерген күннің өзінде жұмысты толық аяқтауы тиіс емес пе? Сосын Талдықұдық ауылының өзіне газ тарту үшін 500 млн. теңге қаржы жұмсалса, қалған 500 млн-ға үш ауылға қалай газ тартпақ?! Және әкім 2018-бен 2019-дың арасы екі (2) емес, бір жыл екенін қалай білмей қалған?..

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ

Фото мен бейне: Артем Букреев

Помогите нам рассказывать правду

Наши журналисты не боятся добывать правду, чтобы показывать ее вам.
В стране, где власти постоянно хотят что-то запретить, в том числе - запретить говорить правду, должны быть издания, которые продолжают заниматься настоящей журналистикой.

Мы хотим зависеть только от вас — тех, кто хочет знать правду, тех, кто не боится быть свободным. Помогите нам рассказать вам правду.

Пожалуйста, поддержите нас своим вкладом в независимую журналистику!

Это просто сделать – перейдите вот сюда

Можно поддержать нас и через KASPI GOLD, отправив свою сумму на номер 8 777 761 02 61

x
2021-01-12
Утром-22.33 ℃
Днем-20.04 ℃
Вечером-17.65 ℃
Ночью-17.45 ℃
Влажность87 %
ДавлениеhPa 1026
Скорость ветра1.65 м/с
2021-01-13
Утром-17.56 ℃
Днем-14.72 ℃
Вечером-14.39 ℃
Ночью-13.16 ℃
Влажность94 %
ДавлениеhPa 1031
Скорость ветра3.93 м/с