Оралда белсендіге «мемлекеттік қызметкерді қорлады» деп іс қозғады
Орал қалалық сотында «Әлеуметтік желілерді пайдаланып, мемлекеттік қызметкерді қорлады» деп айыпталған жергілікті белсенді Бауыржан Әліпқалиевке қатысты сот басталды. Прокурор айыпталушыға 80-сағаттық қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны сұрады.

Бүгін, 30 қараша күні Орал қалалық сотында белсенді Бауыржан Әліпқалиевтің ісі қаралды. Белсендіге «Әлеуметтік желілерді пайдаланып, мемлекеттік қызметкерді қорлады» деп айып тағылды. Зардап шеккен екі полиция қызметкері. Прокурор Әліпқалиевке 80-сағаттық қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны сұрады. Сот шешімі 2 желтоқсан күні жарияланады.
Бауыржан Әліпқалиев өзіне қатысты қылмыстық істі саяси астарлы деп санап отыр. Қудалауды оның белсенді азаматтық ұстанымымен байланысты екеніне сенімді.
Еске сала кетейік, 25 қыркүйекте полиция қызметкерлері Әліпқалиев пен оның серіктесі «КамАЗ» көлігімен жұмыстарымен бара жатқан кезде, полиция қызметкерлері құжаттарды тексеру үшін тоқтатқан. Құжаттарды тексеру кезінде Әліпқалиев ұялы телефонның камерасына не болып жатқанын түсіре бастады. Ол әлеуметтік желі арқылы «менттер – ешкі» деп айтқан болатын.
Серик ЕСЕНОВ