БҚО-да балалар салқын мектепте білім алуда (БЕЙНЕ)
БҚО Казталов ауданы Талдықұдық ауылындағы мектептің терезелерін салқын жел кірмес үшін целлофан пакетпен бітеп қойған. Мектеп қызметкерлері әбден ескіріп, тозығы жеткен білім ордасында оқып жатырған оқушылардың тағдырына қатты алаңдайтындарын айтып отыр.

Мектептің жылыту қазандығында оператор болып жұмыс істейтін Нариман Төреғалиев «білім ордасын жылыту күннен күнге мүмкін болмай бара жатыр» дейді.
– Өткенде жеті-сегіз градус салқындықтың өзінде жылуды 80 градусқа қойдық, бірақ бәрібір, мектептің іші жылынбайды, салқын. Өйткені жылу дарымайды. Ертең 20-30 градус салқындықта қалай жылытатынымызды білмеймін. Мектепті барып көрсеңіздер, мектеп емес, жылы жай (теплица) сияқты, бүкіл терезе целлофанмен жабулы тұр. Сол салқын мектепте біздің балаларымыз оқып жатыр,-деді мектептің жайын қынжыла жеткізіп.

Іргетасы 1968 жылы қаланған мектеп осы күнге дейін ешқандай күрделі жөндеу көрмеген. Бүгінде мұнда 107 оқушы білім алуда. Ал мектеп жанындағы шағын орталықта 48 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Білім ошағында 40 жылдай еңбек етіп келе жатырған бастауыш сынып мұғалімі Баян Хамидуллина мектепке күрделі жөндеу жүргізу керектігін жылда мәселе ғып көтеріп келе жатырғандарын айтады.

-Бірақ әлі ешқандай нәтиже жоқ. Мектеп болған соң оның заманға сай болғанын, балалардың жылы жерде білім алғанын жақсы көреміз. Келесі жылы күрделі жөндеу жүргізілуі мүмкін деп жатыр ғой, біз солардың уәделеріне сеніп, сабырлықпен күтіп жүрміз. Балаларды қазір жылы бөлмеге оқытып жатырмыз. Басқа біздің қолымыздан келетіні жоқ,- дейді ол.

Мектеп директоры Асылан Маделов «Пандемияға байланысты бөгде адамдарды ішке кіргізе алмаймыз. Сіздерді кіргізіп, мектептің ішін көрсетсем, ертең маған «Неге кіргізесің?» деп басшылар ұрысады»,-деп, ішке кіргізбеді.
Казталов ауданы әкімі Альберт Есалиев бұл мәселені облыс әкімі, облыстық білім басқармасы біледі деп отыр.


– Біз жобалық-смета жасақтап, облыстағы тиісті мекемелерге жібердік. Жобаның аяқталу мерзімі 2021 жылдың шілде айы. Әлі алты-жеті ай бар. Мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 359 млн.теңгедей қаржы керек. Аудандық бюджетте мұндай қаржы жоқ. Облыстық немесе республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда ғана күрделі жөндеуден өтеді. Бірақ қазіргі таңда қаражат бөлінді деген ақпарат жоқ. Биылғы жыл аяқталып қалды ғой, келесі жылдың бюджетінен қарастыру жөнінде тағы да ұсынысымызды береміз. Енді қандай шешім қабылданады оны алдағы уақытта көреміз,-дейді аудан әкімі.

Бұл мәселеге БҚО білім басқармасы жауап берді. Олар мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына сұраныс жолдағандарын айтты:
-Талдықұдық ауылындағы С.Есетов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, қорытындысы алынды. Аталған жобаның сметалық құны – 359,9 млн. тенге, – деді.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
Сурет пен бейне: Артем БУКРЕВТІКІ