«Бес адамнан артық жиналуға болмайды— айыппұл салынады»: БҚО СЭС-те бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы түсіндірілді (БЕЙНЕ)
Қаулыдағы өзгерістерге сәйкес облыста базарлар, сауда орталықтары мен мейрамханалар жексенбі және мейрам күндері жұмыс істейді. Сонымен қатар осы күндері қоғамдық көліктерде жүретін болады.

Облыс «жасыл аймақта» тұрғанына 14 күн болды. Осыған байланысты жедел штаб отырысында облыстағы кейбір нысандардың жұмыс істеулеріне рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Енді өзгеріс енген қаулыға сәйкес облыста сауда орталықтары, жабық базарлар мен мейрамханалар жексенбі және мейрам күндері жұмыс істейтін болады. Азаматтардың жүріп-тұру уақыты да ұзартылды. Бұл турады БҚО бас санитар дәрігері айтты
– Жаңа өзгерген қаулыға сәйкес 9 желтоқсаннан бастап демалыс және мейрам күндері сауда орталықтары, жабық базарлар және мейрамханалар мен қоғамдық көліктер жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ азаматтардың жүріп-тұруына рұқсат етілген уақытты көбейттік. Енді облыс тұрғындары сағат 6.00-ден 00.00-ге дейін еркін жүре алады. Түнде шектеулер сақталады, өйткені жастар түнде түрлі мекемелерге жиі барады. Мейрамханалар сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді, бөлмеде бір уақытта 50 адамнан көп емес болуы мүмкін. Бұл қаулы жедел штабтың отырысында талқыланды, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Сонымен қатар, облыстың бас санитар дәрігері мейрамханаларда, кафелерде және банкет залдарында жаппай іс-шаралар, отбасылық мерекелер, оның ішінде жаңа жылдық корпоративті кештер мен ертеңгіліктер өткізуге тыйым салынатындығын баса айтты.
– Үйде сіз бес адамға дейін жинай аласыз, бұған ешкім шектеу қоймайды. Бес адамнан артық жиналуға болмайды. Егер көп адам жиналдындығы туралы хабар түсетін болса, онда олар жауапқа тарылтады. Жеке тұлғаларға айыппұл 83 мың теңгені құрайды, егер олар бір апта ішінде төлесе, онда тек 50%-ын төлейді. Қазір біздің аудан «жасыл аймақта», бірақ егер «сары» немесе «қызыл аймаққа» енсек, онда шектеу шараларын күшейтуге тура келеді.
Серік ЕСЕНОВ