Ақша бөлінді, газ жоқ! БҚО-да мердігер мен тапсырыс беруші мекеме соттасуда (ВИДЕО)

БҚО Казталов ауданына қарасты Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Кішкенешал, Бейістерек ауылдары өткен 2019 жылы табиғи газбен қамтылуы тиіс болған. Алайда мердігер мекеме «Алия Сервис» пен тапсырыс беруші облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының соттасуының салдарынан аталған ауылдарға газ тарту жұмыстары бүгінде тоқтап тұр. Бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген ауыл халқы көгілдір отынның игілігін бүгін-ертең көріп қаламыз ба деген үміттерін үзгілері келмейді.

Кішіталдықұдық тұрғыны 70 жастағы Гүлжиян әжей от жағуда

Тұрғындар шағымы

Облыс орталығынан Бейістерек ауылына дейін үш жарым сағат жол жүріп жеткенімізде тозығы жеткен жер үйлерге қарап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мәз емес екенін байқадық. Мұнда төрт сыныптық мектеп пен медициналық пункт бар. Басқа әлеуметтік нысан көзге шалынбады. Көшеде кездескен тұрғындар бірден газ мәселесін сөз ете жөнелді.

– Осы жылдың 16 желтоқсанына дейін газ болады деп сендірген еді. Сөздеріне сеніп, отынды аз жинап, екі пештің біреуін бұзып, үйдің ішіне газ өткізіп, бәрін дайындап қойдым. 300 мыңдай ақшамды жұмсадым, – дейді осы ауылдың тұрғыны Қуаныш Қалиев.

Руслан есімді тағы бір тұрғын тезірек газ берілсе деген өтінішін айтып, «Ауыл халқы болып сұрайтынымыз жаңа жылға дейін көгілдір отынды қосса дейміз. Газ келеді дегесін халық шығындалып, қажетті заттарды алып қойып отыр. От жағу машақатынан арылсақ жақсы болар еді,- деді.

Ауыл көгілдір отынмен қамтылады деген ақжолтай хабарды естіген Аманжол Ғұмаров есімді тұрғын қажетті керек-жарақтарды алу үшін 600 мың теңге несие алғанын айтады.

– Осы жылы ауылға газ жетеді деп айтқан соң басында айтып өткенімдей 600 мың теңге несие алып, газ плита тағы да басқа заттарды алдым,- дейді ол.

Батырбек Жаңбыршиев есімді қария «газ келіп, тезірек күл мен тезектен құтылсақ екен»,-деп бірауыз пікірін білдірді.

Бейістерек тұрғындары бұдан бөлек, мал ішетін бөгеттен су ішіп отырғандарын, медициналық пункт болғанымен маман жоқ екенін айтып шағынды.

– Ауылдың шетінде бөгет бар. Соның қасында тұрған құдықтан су ішіп отырмыз. Бөгет тартылғанда құдықтың су азайып, ашиды. Мен құдық суының сапасын тексерту үшін ыдысқа құйып, Казталов ауданындағы СЭС-ке алып барғам. Олар тексеріп, «Мына судың сапасы өте нашар. Денсаулыққа зиян. Қалай ішіп отырсыздар?» деді. Ішпегенде қайтеміз, амал жоқ ішіп отырмыз. Бұл – бір. Екіншіден, медпункт бар, бірақ жұмыс істейтін маман жоқ. Медпункітте тек күзетші мен еден жуушы ғана бар. Ауырғанда «Жедел жәрдемді» Сарықұдық ауылынан шақыртамыз. Олардың өздері күн балшықта, қыста келе алмайды. Өйткені жол болмайды,- дейді Қуаныш Қалиев.

Бейістерек тұрғыны Қуаныш су ішіп жүрген құдықты көрсетуде

Оның бұл сөзін қасында тұрған тұрғындар қостады. Барлығы кезек-кезек осы мәселелерді айтып қалуға тырысты.

Бейістерек пен Кішіталдықұдық ауылы арасы 18 шақырым. Яғни газ құбыры Ақпәтер ауылы арқылы тартылып, Талдықұдық, Кішкенешал, Кішіталдықұдық ауылдары үстімен өтіп, соңғы осы Бейістерекке жетуі тиіс. Алайда сол 18 шақырым әлі қазылмаған.

Кішкенешалдан Кішіталдықұдыққа жер асты арқылы жүргізіліп келе жатырған газ құбыры тарту жұмысы осы жерден тоқтаған

«Газсыз, жарықсыз, сусыз, қорлық көріп отырмыз»

Бейістеректегі проблемалар Кішіталдықұдық ауылында да бар. Мұнда да қираған, азып-тозған үйлер жетіп артылады. Халықтың жағдайы жақсы емес екені анық аңғарылады. 13 үй, 55 тұрғыны бар бұл ауылдан ешқандай әлеуметтік нысан көре алмадық. Осы ауылдың 70 жастағы тұрғыны Гүлжиян Ғабдолова «биыл газ келмейді дегенді естіп, абдырап қалдық» дейді.

– Газды былтырғы жылдан бері асыға күтіп жүрміз. Ауылымызға жақындап қалғанда қосатын болды ғой деп, қуанғанбыз. Үйге газ кіргізу үшін 220 мың теңгенің 110 мыңын да төлеп қойдық. Бірақ күткен көгілдір отынымыз әлі жоқ. Оның не себепті кешігіп жатқанын біз білмейміз. Өзім екі баламмен тұрам. Келінім кетіп қалды. Мен сияқты үлкен кісіге от жағу қиын,- деген Гүлжиян Ғабдолова ауыз су, жарық, жол мәселесін де сөз етті.

– Ауылда ауыз су жоқ. Көлдің қасында құдық бар, сол құдықтан су ішіп отырмыз. Одан мал да, адам да ішеді. Былай қарағанда малмен тең болып тұрмыз ба деп ойлаймын. Бұл мәселені жыл сайын ауыл әкіміне айтамыз ол «менің қолымда ештеңе жоқ» дейді. Кей уақытта осы біздер есепте жоқпыз ба деген ой келеді. Әлде бізді адам құрлы көрмей ма? Шағын ауыл болса да көңіл бөлуі керек қой. Сарықұдық ауылынан ауыз су тартып берсе болады ғой. Сосын ауылға жарық шам керек. Өткенде балалар түнде жоғалған малды айдап келе жатып, ауылдың қасынан басқа жаққа асып кете жаздады. Және жолымызды көтеріп берулерін сұраймыз. Себебі көктем, күз мезгілдерінде жүру мүмкін болмайды. Қыста боранда жолымыз ашылмайды. Осы мәселелердің барлығын әкімге айтудан кенде емесін, бірақ тыңдап жатырған ешкім жоқ. Біздің жағдайымыз осындай. Газсыз, жарықсыз, сусыз қорлық көріп отырмыз, -деді Гүлжиян Ғабдолова.

Кішіталдықұдықтың басқа тұрғындарының да сөзі осы сарында шықты. Бұл ауылмен Кішкенешал 25 шақырым болса, соның шамамен 6-7 шақырымы (газ құбырын тарту үшін – ред) қазылмай қалған.

Кішкенешал ауылында үйіліп тұрғын газ құбырлары

Кішкенешал ауылында бар-жоғы бес-алты үй ғана бар. Ара-тұра иттердің үрген даусы естіледі, басқа тірі жан байқалмады.

Әкім түсініктемесі

Ақпәтер ауылының әкімі Нұрхат Булаев Кішкенешал ауылының қазіргі таңда статусы жоқ екенін айтты. Және ол тұрғындардың «ауылда жағдай жоқ» дегендерін жоққа шығарды.

– Кішкенешал бұрын елдімекен болды. Қазір қыстақ болып есептеледі. Онда қазір 6 үй, 13 адам тұрады. Ал Кішіталдықұдық ауылында 13 үй 65 тұрғын бар. Бұл екі ауыл бізге қарайды. Газ тарту жұмыстарының не себепті тоқтап тұрғанын мен сізге айта алмаймын. Жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Кішіталдықұдыққа он дана жарық шам алып қойдық, келесі аптада барып қоямыз. Енді ауыз су күрделі мәселе. Бұған мен нақты жауап бере алмаймын. Ауылдарда құдық бар, су жеткілікті. Тұрғындардың «ауылда жағдай жоқ» деген сөздеріне келісе алмаймын, себебі былтыр әкім болып келісімен қорымды қоршап бердім. Биыл мал ішетін көбік қазып бердім. Келесі жылы жолдарын көтеріп беруді жоспарлап отырмыз. Әйтеуір жыл сайын бірдеңе істеп беріп жатырмыз,- деді ауыл әкімі.

Бейістерек қарайтын Талдыапан ауылы әкімдігінен тілдесетін ешкімді таппадық. Әкімдікте жүрген орта жастағы әйел ауыл әкімі мен бас маман орнында жоқ екенін айтты.

Жауаптылар не дейді?

Жоғарыда аталған төрт ауылды газбен қамту мәселесіне БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы пікір білдірді.

– Мен бұл қызметке келгеніме екі айдай уақыт болды. Маған дейін істелген жұмыстардан бейхабармын. Бұл мәселеден енді хабардар болып жатырмын. Менің білуімше, аталған ауылдарды көгілдір отынмен қамту жобасы – 2017 жылы жасалған. 2018 жылы 499 млн. 623 мың теңгеге тендер ойнатылған. Бұл қаржының 90 пайызы республикалық, 10 пайызы жергілікті бюджеттен. Тендерді «Алия Сервис» мердігер мекемесі жеңіп алған. Техникалық қадағалаушы «АНТинжсервис», авторлық қадағалаушы «ЮГ ГАЗ Проект» деген мекеме. Енді тапсырыс беруші біздің мекеме болғаннан кейін «Алия Сервис» пен арада бір жылға яғни 2018-2019 жылға келісім-шарт жасақталған. Мердігер мекемеге 2018 жылы тек қолда бар 10 млн.теңге қаржы берілген. Олар сол қаржыны игерген. 2019 жылы бюджетте қаржы болмағасын мердігер мекеме «Алия Сервис» өз қаражатына жұмысты жалғастырған. Негізі мердігер мекеме өткен жылы жұмысты толық аяқтап тапсыруы тиіс болған. Алғашында келісім-шарт тек бір жылға жасақталғандықтан өткен жылдың соңында қосымша келісім-шарт жасалуы қажет еді. Бірақ ол жасалмай қалған. Газ тарту жұмысын аяқтау үшін осы жылдың қыркүйек айында жергілікті бюджеттен 390 млн. 618 мың теңге қаржы бөлінді. Біз мердігер мекемемен қайтадан қосымша келісім-шарт жасадық, бірақ қазынашылық департаменті «келісім-шарттың уақыты өтіп кеткен» деп тіркемей отыр. Сол себепті бөлінген қаржыны мердігер мекемеге бере алмай отырмыз. Мердігер мекеме «Алия Сервис» бізді сотқа берді. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Әлі нақты шешім шыққан жоқ,- деді БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Асқар Ғабидуллин.

Ол біздің «Келісім-шарт 2019 жылы аяқталса, мердігер мекеме қалай 2020 жылы жұмыстарын жүргізіп отыр?» деген сауалымызға:

– Біз мердігер мекемеге осы жылы жұмыс жүргізіңдер деп айтқан жоқпыз. Ол өздерінің кінәсі,- деп жауап берді.

Кейін БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиев басшысының бізге берген пікіріне ұқсас ақпарат жолдады.

«БҚО Казталов ауданының Кішкенешал, Талдықұдық, Кішіталдықұдық және Бейстерек ауылдарын газбен жабдықтау желілерінің құрылысы».

«Газ құбырының жалпы ұзындығы – 96,1 км.нысан құрылысының жалпы шарттық құны-499 623,0 мың теңге. Нысанның құрылысы 2018 жылы басталды, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға – 10 000,0 мың теңге. Сол жылы аталған қаражат толығымен игеріліп, 3 шақ газ құбыры салынды. Бұдан әрі қаржыландырудың болмауына байланысты нысан құрылысы бюджеттен қаражат бөлінгенге дейін уақытша тоқтатылды.

Ағымдағы жылы ЖҚЖК бағдарламасы бойынша құрылысты жалғастыруға 390 618,0 мың теңге бөлінді. Алайда, қосымша келісімдер уақытылы жасалмағандықтан, тиісінше құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыруға және осы объектінің құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік болмады.Бүгінгі күні мердігер ұйымдармен сот талқылаулары жүріп жатыр, егер сот мердігер ұйымдармен негізгі шарттың мерзімін ұзарту туралы шешім шығарса, онда объект құрылысы ағымдағы мердігер ұйымдармен жалғасады.Егер сот жаңа шешім шығарған жағдайда, Тапсырыс беруші (БҚО ЭжТҮКШБ) объектіні салу бойынша жаңа мердігер ұйымдарды анықтауға конкурстық рәсімдерді қайтадан ұйымдастыратын болады». (Жіберген ақпараттың бір әрпін өзгертпестен сол күйі беріп отырмыз – ред).

Айта кетейік, осыған дейін мердігер мекеме «Алия Сервис» ЖШС басшысының міндетін атқарушы Ануар Марданов тендерді 2017 жылы ұтып алғандарын, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан әлі ешқандай ақша алмағандарын, 500млн.теңге алажақтарын ала алмай жүргендерін айтқан болатын.

Есенжол Елекенов

Фото және бейне Серік ЕСЕНОВ

Помогите нам рассказывать правду

Наши журналисты не боятся добывать правду, чтобы показывать ее вам. В стране, где власти постоянно хотят что-то запретить, в том числе - запретить говорить правду, должны быть издания, которые продолжают заниматься настоящей журналистикой.

Мы хотим зависеть только от вас — тех, кто хочет знать правду, тех, кто не боится быть свободным. Помогите нам рассказать вам правду.

Пожалуйста, поддержите нас своим вкладом в независимую журналистику!

Это просто сделать.

Можете нас поддержать через KASPI GOLD, отправив свою сумму на номер 8 777 761 02 61

x
2024-12-14
Утром-6.82 ℃
Днем-7.12 ℃
Вечером-8.59 ℃
Ночью-10.01 ℃
Влажность70 %
ДавлениеhPa 1010
Скорость ветра7.41 м/с
2024-12-15
Утром-11.36 ℃
Днем-7.19 ℃
Вечером-5.12 ℃
Ночью-4.41 ℃
Влажность81 %
ДавлениеhPa 1022
Скорость ветра8.24 м/с