Оралда әкімдік Анискино көлін демалыс орнына айналдыру үшін инвестор іздейді
Канализацияны ағызу үшін тұндырғыш ретінде пайдаланылған Анискино көлін демалыс аймағына айналдырғысы келеді. Қазір инвесторларды іздеу жүріп жатыр.

Анискино көлі бір кездері Шағанның саласынан пайда болған таза су айдыны болған. Әдемі көл, жақын маңдағы тұрғындардың көздерін қуантқан. Бірақ өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Анискино көлінде ағынды су қоймасы жабдықталған. Осыдан кейін ағынды суларды ағызу тоқтатылған, тіпті көл қалпына келеді деген де үміт болған. Жайық өзені таязданғаннан кейін, кеуіп қалған Анискино көлі, қаланың әр түкпірінен қар таситын және онымен бірге қоқыс тастайтын жерге айналды.
2016 жылы Оралда Анискино көліне мұнай қалдықтарының төгілуі салдарынан тұрғындар дабыл қағуда деген ақпарат пайда болды. Зачаганск кентінде орналасқан бұл көл, сол маңдағы тұрғындардың игілігіне айналуы керек болған, бірақ проблемасына айналды. Экологтар, егер Жайық көтерілсе, экологиялық апат орын алуы мүмкін — барлық мұнай қалдықтары өзенге кететінін мойындады. Бұл қалдықтар жерді улайды, ауыл тұрғындары осы ауамен дем алады, өйткені олар көлден бес жүз метр жерде тұрады. Олар Анискино көлінің мәселесін шешу туралы бірнеше рет жергілікті атқарушы органдарға жүгінген. Ақыры, биыл проблема өлі нүктеден шыға бастады. Билік жергілікті тұрғындарды тыңдап, бюджеттен ақша бөліп, конкурс жариялады. Кейін мердігер мекеме анықталды. Бүгінгі таңда тазарту жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы табиғат қорғау шаралары бөлімінің басшысы Фариза Сұлташева айтты. Оның айтуынша, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының міндеті — көлді тазарту, сол жерден қалдықтарды шығару және жою болып табылады. Әрі қарай бұл жерде не болатынын қалалық әкімдікте шешеді.
«Анискино көлі орналасқан аумақ қала әкімдігінің балансында. Олар байқау өткізді. Мердігер мекеме анықталды. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 7,5 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыстардың барлығы біздің бөлім арқылы жүргізілді. Рекультивация жұмыстары атқарылды. Көл тазартылды, сонымен қатар барлық қалдықтар жоюға шығарылды. Таза топырақ әкелінді. Болашақта бұл жерде не болатыны қала әкімдігінің шешімі бойынша белгілі болады. Біздің міндетіміз тазарту, жою және т.б. Егер бұл жер, мысалы, мемлекеттік орман қорының аумағында болса, онда біздің департаменттің бұл мәселемен айналысуға мүмкіндігі болар еді», — дейді Фариза Сұлташева.
Анискино көлінде қандай жұмыстар жүргізілгені белгілі болды, бірақ көлмен әрі қарай не болады? Оның болашақ тағдыры не болмақ? Осы сұрақтарға жауап алу үшін, қалалық әкімдікке жүгіндік.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар көлдің орнына демалыс аймағын жасауды жоспарлап отыр.
«Болашақта бұл көлді демалыс аймағына айналдыру жоспарда бар. Қазіргі таңда қала әкімдігі инвесторларды тартқысы келеді. Биыл табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп қалдықтарды тазарттық. Әзірге инвесторлар іздейміз. Көлдің орнында демалыс аймағы болады. Әзірге тек осындай ақпарат. Егер қандай да бір мәліметтер болатын болса, міндетті түрде хабарлаймыз», — деді Орал қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Данияр Оспан.
Серік ЕСЕНОВ
