11,2 млн. теңге — БҚО-да 2020 жылы анықталған параның жалпы сомасы
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет 2020 жылы Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа және бюджет қаражатын ұрлауға байланысты қанша қылмыс анықталғанын айтты, – деп хабарлайды ZKO.KZ.

14 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста 101 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген, оның 64 – і (63,4%) – ауыр қылмыс.
«Ағымдағы жылы барлығы 77 парақорлық фактісі тіркелді. Мұндай қылмыстардың басым бөлігі құқық қорғау саласына тиесілі – 66, оның ішінде 37 пара алушы және 29 пара беруші. Сондай — ақ, пара алудың 1-2 фактісі қорғаныс (1), ТКШ (2) және денсаулық сақтау (1) салаларында анықталды», – деп хабарлады Нұрдәулет Сәмет.
Оның ақпараты бойынша, 2020 жылы параның жалпы сомасы 11,2 млн. теңгені құрайды, оның ішіндегі ең ірісі – 7,8 млн.теңге.
Сонымен қатар, БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасарының мәліметінше, 2019-2020 жылдары бюджет қаражатын ұрлаумен байланысты 26 қылмыс анықталды.
«Биылғы жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 4 кешенді мониторинг және 16 тақырыптық мониторинг жүргізілді. Олардың нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 57 ұсыныс берілді», — деді Нұрдәулет Сәмет.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 29 қазанында БАҚ-та БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюповтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы көмекшімен бірге медициналық жабдықтарды (мониторларды) жеткізуге Мемлекеттік сатып алу туралы ЖШС-мен бұрын жасалған шарттар бойынша орындалған жұмыстар мен ТМҚ қабылдау актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 7 800 000 теңге пара алды.