БҚО курсанты қайтыс болғаннан кейін ІІМ академиясында жаппай жұмыстан босату орын алды
ІІМ Алматы академиясының бастығы қызметінен босатылды. Бұл туралы ІІМ хабарлады деп жазады Tengrinews.kz.

Оқу орнына Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің басшылығы мен жауапты қызметкерлерінен арнайы топ жіберілді. Тексеру қорытындысы бойынша ІІМ-де тәртіптік комиссияның отырысы өтті.
«Ішкі істер министрінің бұйрығымен сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылаудың жоқтығы үшін атқарып отырған лауазымдарынан Академия бастығы Ө.Х. Смайылов босатылды, сондай-ақ оның тәрбие-идеологиялық және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасары босатуға ұсынылды. Сонымен қатар, академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың бесеуі де атқаратын қызметтерінен босатылды», — деп хабарлады министрліктен.
ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының курсанты Саламат Өтегеновтің қаза болуына байланысты Алматы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 105-бабы «Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу»бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тәртіп сақшылары марқұмның туыстары айтқан барлық дәлелдерді тексеруге уәде берді.
«Кешенді тексеру тағайындалды, оның ішінде оқу процесі, тұрмыстық жағдайлар, моральдық-психологиялық ахуал, академияның қаржы-шаруашылық қызметі. Оқу орнына Министрліктің ішкі аудит, кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері жіберілді. Министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша осындай тексерулер 2021 жылдың бірінші тоқсанында ІІМ — нің барлық оқу орындарында жүргізіледі», – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, кеше ІІМ Алматы академиясында асылып қалған БҚО тумасы курсант 19 жасар Саламат Өтегеновтің қайтыс болғаны туралы жазған болатынбыз. Марқұмның туыстары Академия тарапынан үнемі ұрыс-керіс туралы хабарлады, ал қайтыс болғанға дейін жігіт ағасынан үлкен ақша сұрады, егер оған қаражат аударылмаса, туыстары оны енді көрмейді деп айтты.