«Дені сау баламды мүгедек қылып тастады» (ВИДЕО)
БҚО Теректі ауданына қарасты Пойма ауылының тоғыз жасар тұрғыны Аян Тілегенді өткен жылдың тамыз айында көлік қағып кеткен. Аянның анасы Гүлсезім Нәбиева жол көлік оқиғасынан кейін баласының аяқ-қолы дұрыс жұмыс істемейтінін айтады.

Оқиға 22 тамыз күні таңертеңгі сағат 8.30-да Подстепный ауылында орын алған. Гүлсезімнің айтуынша, баласы сол ауылға қатынып, орыс, ағылшын тілін үйрену үшін курысқа қатысып жүрген.
— Жазғы демалыста бір нәрсе үйренсін деп, орыс, ағылшын тіліне, сосын каратеге жаздырғам. Аптасына алты күн осыларға барып жүрді. Оқиға болатын күні балам «мама сен бармай-ақ қойшы, бүгін өзім барайыншы» деді. «Жақсы, барсаң бара қой» дедім. Бөлесі екеуі бірге кеткен. Содан жарты сағат өтпестен «баланы қағып кетті» деп біреу хабарласты. Зәреміз ұшып, дереу Подстепныйға бардық. Барсақ жиенім, қасында жолда істейтін екі үлкен жігіт тұр, менің балам жоқ. «Аян қайда? деп сұрасам: «Ауруханаға алып кетті» деді. Сосын Подстепныйдағы ауруханаға бардым. Онда жоқ болып шықты. Сөйтсек қаққан жігіт Аянды салып алып, қалаға алып кеткен. Алып-ұшып қаладағы көп бейінді балалар ауруханасына жеттім. Ұлымның көретін жері жоқ, ауыр халде, ес-түссіз жатыр. Үш күн жансақтау бөлімінде жатты. Есін жиғаннан кейін палатаға ауыстырды. Мені қасына салды. Бала сөйлей алмайды, үлкен-кіші дәретті жіберіп қойып жүрді. Арада төрт-бес күн өткеннен кейін баламды қаққан Азамат Төлешов маған хабарласып, «Сіз неге өтірік айтасыз, балаңыз жүгіріп ойнап жүр ғой. Көргенсіз, оңбаған екенсіз» деп мені боқтап-балағаттады. «Мұны кім айтты?» десем: «Аурухананың ішінде менің «құлақтарым» бар айтатын» деді. Сол кезде Айбек деген дәрігер келді. Мен одан «Айбек менің баламды секіріп ойнап жүр деп кім айтты?» деп сұрадым. «Апа, кім айтып жүр оны?» деп қарсы сұрақ қойды. «Міне, қазір ғана қаққан адам звандап, балағаттап жатыр» дедім. Баламыз екеуміз бір айға жақын ауруханада жаттық. Азамат Төлешов бір келіп, кешірім сұраған жоқ,- дейді Гүлсезім Нәбиева.
Оның сөзінше, алғашында Азамат Төлешов баланың еміне кететін ақшаны төлейтінін айтқан, алайда әлі күнге дейін бір тиын да бермеген.
— Барлық жерде біз ақылы қаралдық. Үй салуға деп жинап жүрген азын-шоғын ақшам бар еді, соны ұлымның дәрі-дәрмегіне, еміне жұмсадым. Азамат Төлешов көк тиын да берген жоқ. Қазір баламның оң қол, оң аяғы дұрыс жұмыс істемейді. Дәрігерлер басында төрт сантиметр залалды ет өсімі (киста) бар деді. Ол күн өткен сайын өсіп жатыр. Астанаға апарып емдету үшін қаладан квота сұрап жүрмін. Былай апарайын десем ақшам жоқ. Дені сау баламды мүгедек қылып тастады,-деген Гүлсезім Нәбиева Теректі ауданы прокуратурасы арыз-шағымын қабалдағысы келмей біраз әбігерге түсіргенін айтады.
— Ауруханадан шыққаннан кейін баламды қаққан Азамат Төлешовтың үстінен арыз-шағым түсіру үшін Теректі ауданындағы прокуратураға бардым. Мажитов деген кісі «сенің арызыңсыз да істі қараймыз» деп мені кабинетінен қуып шыққандай болды. Бір ай жарымнан кейін барып, әзер дегенде арызымды қабылдады,-дейді Гүлсезім Нәбиева.
Ол төрт айдан кейін болған алғашқы сот отырысында баласы Аянның мүгедектігі, бас жарақатын растайтын құжаттарын көрсеткенде судья «мынау маған керек емес» деп қарамай лақтырып тастады дейді.

— Тергеуші маған тиісті құжаттарды судьяға көрсет дегесін, 21 желтоқсанда Ақжайық ауылында болған бірнші сот отырысына барлығын алып бардым. Судья тіпті қараған да жоқ. Лақтырып тастады. Сотта ана жақтың адвокаты «бала мүгедек емес, өтірік айтады, ақша өндіріп алу үшін барлық құжатты сатып алып отыр» деді. Дәрігерлердің мүгедектігі, басында төрт сантиметр киста бар деп берген құжаттары өтірік емес қой енді,-дейді Гүлсезім Нәбиева.
Оның айтуынша, соңғы сот отырысы 23 желтоқсанда өткен. Алайда оған өзі қатыспаған.
— Сол күні Аянның мүгедектігі тағы да басқа құжаттарын Федоровкадағы ауруханаға тапсыруға барғам. Жолда соттың хатшысынан «Сот қашан болады? Бола ма, болмай ма?» деп сұрағам: «Сот аяқталды, сізсіз шешім шығарылды» деді,-дейді Гүлсезім.
Гүлсезім Нәбиеваның адвокаты Валерий Зайкин Азамат Төлешовтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 2-бөлігі (Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге алып келген іс-әрекет) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, сот Азамат Төлешовты бір жылға бас бостандығын шектеуге, екі жылға жүргізуші куәлігінен айыруға және бір миллион теңге моральдық, материалдық шығын төлеуге үкім шығарғанын айтты. Және ол сот үкімімен келісетінін жеткізді.
«Орал апталығы» Азамат Төлешовтың өзіне хабарласып, мән-жайды сұраған. Алайда ол «адвокатымнан сұраңдар» деп тұтқаны қойып тастады.
Адвокат Асхат Бекенов тоғыз жасар баланың көлікке қағылуына анасы Гүлсезім Нәбиеваның өзі кінәлі екенін алға тартады.
— Ең алдымен мынаны айтып кетейін. Мен қазір Азаматтың адвокаты емеспін. Ол қазір басқа адвокат жалдап отыр. Бірақ осы күнге дейін оны қорғағаннан кейін, барлық сот процесіне қатысқан соң бұл жағдайға қатысты бір-екі ауыз пікір білдіруге келісімімді беріп отырмын. Гүлсезім баласы мен алты жасар туысқанын таксиге отырғызып жіберген. Енді өзіңіз ойлаңыз, кәмелетке толмаған кішкентай баланы жалғыз жіберу – қаншалықты дұрыс? Бұл – ата-ананың жауапсыздығы ма? Жауапсыздығы. Ұрлап кетсе қайтер еді, елімізде көп қой, ондай жағдай. Қайта такси жүргізушісі жолдан түсіріп кеткен. Бұл – бір. Екіншіден, екі кішкентай бала түсіп қалған жерде жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Аян жолды кесіп өтпек болғанда көлікке қағылып отыр. Қасындағы бала мұның өтіп кеткенін күтіп тұрған. Аян қағылған жолда көлік жылдамдығын 90-нан асыруға болмайды. Азамат Төлешов 80-мен келе жатқан да кенеттен Аян жүгіріп шыққан ғой. Сондықтан осындай жағдай орын алып отыр. Гүлсезімнің «кешірім сұрап келген жоқ» дегені өтірік. Азамат әйелі екеуі кешірім сұрауға барған. Бірақ екі тарап келісе алмаған. Келісе алмауының себебі – Гүлсезім біраз ақша сұраған екен. Гүлсезім басында моральдық, материалдық шығынға сегіз миллион сұраған еді. Сосын оны адвокаты төрт миллионға түсірді. Бірақ сот мұны қанағаттандырмады. Бір миллион деп үкім шығарды. Егер екі жақ ортақ мәмілеге келгенде іс сотқа жетпеуші еді. Бұл жерде Азаматтың кінәсі жоқ,-дейді Асхат Бекенов.
Бұл істі тергеумен айналысқан Теректі ауданы полиция бөлімінің аға тергеушісі Рустам Гатауов қандай да бір пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
