Оралда алаңда ілініп тұрған жыртық ту елдің ашуын тудырды
Әлеуметтік желіде Оралда Тұңғыш президент алаңында ілінген жыртық тудың видеосы тарап кетті. Қалалықтар бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді.

Видео жалпықалалық мәселелерді қозғайтын zhaloby_uralsk_official тобында жарияланды.
«7 қаңтар күні сонда болдық. Ту бүтін еді. Өлшемі үлкен болғандықтан, мұқият қарадық. Мүмкін, қар жауған соң жыртылған шығар»,– дейді жазбаға пікір жазғандардың бірі.
«Масқара. Ұят. Бұдан гөрі тудың ілінбегені жақсы», – деді басқа қолданушы.
Оралда әкім баспасөз қызметі тудың ауа райының қолайсыздығына байланысты жыртылғанын хабарлады. Облыс орталығында дауылды ескерту жарияланды. Ал қалада қар мен жаңбыр жауып, қатты жел болды.
«Тұңғыш президент алаңында мемлекеттік ту қатты жел салдарынан жыртылған. Қазіргі уақытта оны алып тастады, жақында жаңасын іледі»,- деді әкімдікте.
Айта кетейік, флагшток ұзындығы 60 метрді құрайды. Оны жылына бірнеше рет өзгерту қажет.