БҚО-да ереуілге шыққан 47 жұмысшы коронавирус жұқтырды
Батыс Қазақстан облысында Bonatti компаниясы басшылығының бастамасымен барлық қызметкерлер үшін ПТР-тесттер өткізілді. Олардың 47-сі COVID-19 жұқтырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жедел штаб отырысында айтылды.
«Bonatti компаниясы қызметкерлерінің скринингі 6 және 7 қаңтарда екі кезеңде өтті. 650 адамның 47-інде коронавирус анықталды. Науқастар оқшаулануға жіберілді, компания осы мақсатта пәтерлерді жалға алды», — деді БҚО бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев.
БҚО әкімі Ғали Есқалиев шетелдік компания қызметкерлері өзін-өзі оқшаулау режимін қатаң сақтауы және дәрігерлік ұсыныстарды ұстануы тиіс екенін атап өтті.
«Егер бұл адамдар үйден шықса, біз компания басшылығымен сөйлесетін боламыз. Оларға жұмысқа шығуға тыйым салынады, тіпті жұмыстан босатуға дейін барады. Сондай-ақ біз ҚПО және «Жайық мұнай»компанияларының басшылығымен келіссөздер жүргіземіз. Олардың да жұқтыру қаупі бар», — деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 6 қаңтарында БҚО-да Bonatti компаниясының қызметкерлері ереуіл өткізді. Адамдар олардың жалақысын 50 пайызға көтеруді талап етті. Мәселені 15 қаңтарға дейін шешуге уәде берілді.
