«Тәуелсіз бақылаушы болуға ниеттенген адамдар әділдіктен күдер үзетіндерін айтты»
БҚО Ақсай қаласында «Мұқалмас» қоғамдық қорының атынан тәуелсіз бақылаушылардың жетекшісі болған Насифолла Суюсанов 10 қаңтарда өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауына 38 адамның тек 8-і ғана тәуелсіз бақылаушы бола алғанын айтады. Айтуынша, жергілікті билік түрлі қысым көрсетіп, тәуелсіз бақылаушы болдырмас үшін қолдан келгенді жасаған.

– Тәуелсіз бақылаушы болуға ниеттенген адамдар сайлау жақындағанда бақылаушы болудан бас тартты. Себебін сұрасам: «Жұмыстағы басшымыз «не жұмысты, не бақылаушы болуды таңда? Егер тәуелсіз бақылаушы болсаң жұмыстан шығарыласың» деп сес көрсетті» деді. Қазір өзіңіз білесіз, әр адамның басында несиесі бар, отбасын асырау керек, амал жоқ тәуелсіз бақылаушы болудан бас тартуға мәжбүр болды. Бір айдың ішінде 38 адамнан тек сегізіміз ғана қалдық,-дейді Насифолла Суюсанов.
Сөзінше, сайлауға екі күн қалғанда Бөрлі ауданының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасынан қоңырау шалып, үйге оқшаулауға алатындарын айтқан.
– Қаңтардың 8-і күні СЭС-тан хабарласты. «Қазір барамыз үйден шықпаңыз» деді. Не үшін десем: «Коронавирус жұқтырған Мақсат адаммен қарым-қатынаста болғансыз» деді. Содан сол күннен бастап мені 10-күні түнгі сағат 00.00-ге дейін үйден шығуға тыйым салып, қолхат алып кетті. Менен басқа тағы екі адамға да осылай істеген. Билік тәуелсіз бақылаушылардың жолын осылай кесті. Соның кесірінен сайлауда ат салыса алмадым,-дейді Насифолла Суюсанов.
Оның айтуынша, Мақсат деген кісімен 27 желтоқсан күні жиында бірге болған. Алайда ара-қашықтық сақтағандарын айтып отыр.
– Сол жиынға шамамен 14 адамдай қатысты. Санитарлық талапты сақтады. Мақсатты бізге Оралдан сайлауға тәуелсіз бақылаушы болады деп жіберген. Кім жібергенін білмеймін. Мен Мақсатты, Мақсат мені танымайды. Бұрын соңды көріскен емеспіз. Жиында ол менен бес метр қашықта тұрды,-дейді Насифолла Суюсанов.
Насифолла Суюсановқа тәуелсіз бақылаушы болуға ниеттенген біраз адам қоңырау соғып, әділдіктен күдер үзетіндерін айтқан.
– Мен Ақсайдағы тәуелсіз бақылаушылардың жетекшісі болғаннан кейін көбі маған хабарласты. «Әділдіктен күдер үземіз, тәуелсіз бақылаушы болмаймыз» деді. Бөрлі ауданы бойынша 35 сайлау учаскесі болса, соның сегізінде ғана тәуелсіз бақылаушы болды. Сол сегіз бақылаушының өзін учаскеге кіргізбеуге тырысып бақты. Мен өзім қандай да бір партияны жақтып, сөзін сөйлемеймін, неге тәуелсіз бақылаушы болғымыз келді, себебі сайлаудың әділ өткенін қалап едік. Бірақ сайлау әділетсіз өтті,-дейді Насифолла Суюсанов.
Е.Елекенов