Нұрлан Нығматулин Мәжіліс спикері болып қайта сайланды
Жасырын дауыс беру барысында Мәжіліс депутаттары Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Есеп комиссиясы Нығматулиннің кандидатурасына берілген барлық дауыстарды санап, мыналарды анықтады: 100 бюллетень таратылды, жәшікті ашу кезінде 100 бюллетень анықталды, бүлінгендер жоқ, барлығы 100 пайыз дауыс берді, — деп атап өтті Есеп комиссиясының төрағасы Мұхтар Ерман.
15 қаңтарда парламенттің 7-шақырылым депутаттарының алғашқы сессиясында депутаттардың басым бөлігі Асқар Маминді премьер-министр ретінде қалдыру туралы ұсынысты қолдады. Оның кандидатурасын 76 депутат қолдап, 21-і қалыс қалды. Қалыс қалғандар – өздерін парламенттегі “оппозиция” деп атайтын “Ақ жол” мен “Қазақстанның халық партиясы” мүшелері. Олар 10 қаңтар күнгі сайлаудан кейін мәжілістен 22 орын алған.
Бір күн бұрын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» жиынында Маминді премьер-министр ретінде қалдыруды ұсынған еді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасын сайлау туралы Мәжіліс қаулысы қабылданғаннан кейін Нұрлан Нығматулин сенім білдіргені үшін алғысын білдірді.
«Мен үшін бұл үлкен құрмет және зор жауапкершілік. Ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдындағы, мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдындағы, барлық депутаттық корпус алдындағы, қазақстандық қоғам алдындағы жауапкершілік. Маған көрсетілген жоғары сенімді ақтау үшін барлық күш — жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсайтын боламын,» — деді Нұрлан Нығматулин.
