БҚО-да кәсіпкерге қысым көрсетілуде
БҚО Жаңақала ауданы тұрғыны кәсіпкер Мензада Кабиева «тыйым салынған уақытта арақ сатты» деген айыппен әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.

Мензада Кабиева 10 қаңтарда өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауына тәуелсіз бақылаушы боламын дегеннен бастап, түрлі кедергіге тап болғанын айтады. «Ешкімге арақ сатпадым» деген ол мұны өзінің белсенділігімен байланыстырады.
– Қаңтардың 9-ы күні таңертеңгі 11.30-да дүкенге полиция қызметкері келді, қасында бір жас қыз бар. «Мына қызға сіз арақ сатқансыз» деді. Мен әлгі қызды бірінші рет көріп тұрғанымды, оған арақ сатпағанымды айттым. «Жоқ, сатқансыз» деп болмады. Сосын мен «арақ саттыңыз» деп айыптап тұрсыздар ғой, ендеше оны дәлелдеңіздер, «бұл қыз менен арақ сатып алған болса, түбіртек қағазды (чек) көрсетсін» дедім. Мен бүкіл тұтынушыға түбіртек қағазын беремін. «Чекті ешкім сақтап жүрмейді ғой» деді жаңағы полиция. Содан кішкенеден соң бір кісі келді, полиция сол адамды көрсетіп, «арақ сатқаныңызды мына адам көрген» деді. Ол кісі өткен жылы біздің жылқымызды атып, сотталып кеткен жігіттің әкесі. «Кешірім бермей баламды соттаттыңдар» деп бізге өшігіп жүрген адам дүкенге кірмек түгілі тіпті маңайына жолаған да емес. Ол қалай көргені ақылға сыймайды. Мұның бәрі әдейі жасалып отыр,-дейді Мензада Кабиева.

20 қаңтар күні Мензада Кабиеваның дүкеніне екі полиция қызметкері келген. Олар шақырту қағазына қол қоюды сұраған.
– Сол күні сағат 16.30-да полиция бөліміне бардым. Түсініктеме жазып, хаттамаға қол қойыңыз деді. Мен ешқандай түсініктеме жазбайтынымды, хаттамаға қол қоймайтынымды айттым. Адвокат сұраған едім, бермеді. «Сізге ештеңе болмайды, бізге дүкеннің қожайыны керек» деді. Дүкен күйеуімнің атында, мен зайыбы болған соң сатушы болып өзім тұрмын. Заңда көрсетілген барлық ережені білемін, тыйым салынған уақытта арақ сатқан емеспін. Бізге жала жауып отыр,- дейді ол.
«Орал апталығы» Мензада Кабиеваның дүкенінен «арақ сатып алдым» деген қызға қоңырау шалған. Телефонға жауап берген ол арақты нақты қай күні сатып алғанын есіне түсіре алмады. Біресе, жұма күні десе, біресе сенбі күні деді.
– Папама темекі, сосын арақ алғаным рас. Арақты ішу ішін емес, арқама жағуға алдым. Қай күні екенін ұмытып тұрмын. Қаңтардың 8-і ме екен, әлде 15-і ме, әлде 9-ма, әлде 16-сы ма, есіме түспей тұрғаны. Жұма-сенбі күндері әйтеуір. Арақ алып дүкеннен шығып келе жатқанымда алдымнан полиция қызметкері шықты. Қай дүкеннен алғанымды сұрап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сосын мені ертіп арақ алған дүкенге бардық,- деген ол аты-жөнін көрсетуге қарсы болды.
«Орал апталығы» Жаңақала аудандық полиция бөліміне де хабарласқан. Алайда олар пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты.
Есенжол Елекенов