БҚО-да әкім орынбасары карантин талаптарын елемей жүр (ВИДЕО)
БҚО Казталов ауданы әкімі орынбасары Зәйлім Мажитова өткен жылдың соңында жиында бетперде тақпай карантин тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген. Ол аудандағы коронавирусқа қарсы күрес мониторинг топтың төрайымы бола тұра облыстың ғана емес, ҚР Бас мемлекеттік санитары қаулысындағы ережені елемеген.

Зәйлім Мажитова 2020 жылдың қараша айында Сарықұдық аулындағы мектепке барып, мұғалімдермен кездескен. Сол жиында ол барлығына бетперде киюді міндеттеп, өзі бетперде тақпаған. Аудан әкімі орынбасарының бұл іс-әрекетін мұғалімдер суретке түсіріп алып, Казталов ауданы орталығындағы А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Інжумаржан Ғазизоваға жіберген. Бұ кісі келіп түскен фактіге сүйеніп, бір шара қолдануларын сұрап, аудандық полиция бөліміне Зәйлім Мажитованың үстінен арыз-шағым түсірген.
— Оқиға қашан, қалай болды бәрін басынан айтайын. Қарашаның 6-сы күні Зәйлім Мажитова Сарықұдықтағы мектепке барады. Барса мектепте мұғалімдерден ешкім болмапты. Осы ауылдағы мектептің директоры менің туған сіңлім. О кісі білім бөлімінің рұқсатымен екі күнге Оралға кеткен ғой. Сәйкестік пе, жоқ әлде әдейі барып тұр ма, мен оны білмедім. Директордың уақытша міндетін атқарушы болып қалған жас жігіт үйіне барып келуге кеткенде Зәйлім Мажитова барып тұр. Сосын ол «Мен қазір келгенше мектептің барлық қызметкерін жинап қойыңдар!» деп өзге қызметкерлерге айтып, басқа ауылға асып кеткен. Мектеп қызметкерлері Зәйлім Мажитованы 16.30-дан бастап, кешкі жеті жарымға дейін үш сағат бойы күткен. Содан кеште келіп, жарты сағат жиналыс өткізген. Жиында «маска тағыңдар» деген де – өзі бетпердесіз жайбарақат отырған. Оны мұғалімдер фотоға түсіріп маған жіберді. Сосын мен шара қолдануларын сұрап, тиісті жерге шағымдандым. Зәйлім Мажитова қай мектепке барса да, карантин режимін сақтауы керек қой. Пандемияның өршіп тұрғанын білмейді емес, біледі. Біле тұра, мониторинг топтың төрайымы бола тұра, өзі заң бұзып отыр,-дейді Інжумаржан Ғазизова.
Айтуынша, Зәйлім Мажитованың карантин режимін ескермегені бірінші мәрте емес. Осыған дейін де – аудан әкімі Альберт Есалиевтың қатысуымен өткен жиындарда да бетперде тақпаған. Інжумаржан Ғазизова осы жайттарды айту үшін аудан әкіміне қабылдауын сұрап, хат жазғанын, әкім көпке дейін қабылдамай қойғанын айтады.


— Мен аудан әкіміне жазған хатымда қабылдауда Зәйлім Мажитованың қатысуын сұрадым. Маска тақпағанын растайтын дәлелдердің барын айттым. Ертеңгі күні айғай-шуға ұласып, ушықтырмас үшін отырып, сөйлескенді қаладым, қашан қабылдар екен деп күттім. Бірақ әкім асықпады. Бір айдан кейін яғни желтоқсан айының ортасынан асқанда Зәйлім Мажитованың өзі шақыртты. Барсам, әкімге жазған хатымның көшірмесі қолында тұр. Сосын мен о кісіден не себепті маска тақпайтынын сұрадым. Бірақ ол менің сұрағыма нақты жауап бере алған жоқ. Бар айтқаны: «Менің үстімен арыз жазыпсыз, арызыңызды қайтып ала аласыз ба?» деді, болды. Мен оған «жағдай от болып жанғаннан кейін неге шақыртып отырсыз? Мен әкімге сіздің қатысуыңызбен мені қабылдауын сұрап хат жаздым ғой» дегенімде: «Қай жерде, қай жерде?» дейді. Қолында хат тұр, бірақ соны оқымаған ғой. «Міне, мына жерде жазулы тұр» деп асты сызулы тұрған сөйлемді көрсеттім,-дейді Інжумаржан Ғазизова.
Зәйлім Мажитовмен кездескен күні түстен кейін ол аудан әкімі Альберт Есалиевтың қабылдауында болған. Алайда әкім де жазған хатын «оқымаған» көрінеді.
— Аудан әкімі хаттағы «Зәйлім Мажитованың қатысуымен мені қабылдауыңызды сұраймын» деген сөйлемді көрмегенін айтты. Қалай көрмейді түсінбеймін? Демек хатты оқымаған. Мен хат жазғанда кейбір сөйлемдердің астын сыздым. Егер хатты оқыған болса, асты сызулы тұрған сөйлемді көрмей ме? Не үшін бұл сөздің астын сызды екен деп назар аудармай ма, сонда?! Ешқандай жауапкершіліктің жоқтығын осыдан-ақ көруге болады. Әкімнің айтқан сөзінде, берген жауабында түк жоқ. Зәйлім Мажитоваға шаң жуытпайды. Судан ақ, сүттен таза. «Неге маска тақпайды?» деген сұрағыма: «Денсаулығына байланысты» деді. Сосын мен «Егер денсаулығы нашар болса, неге бұл қызметте жүр?» деп сұрадым. Жауап бере алған жоқ. Барлығы дәлелденіп тұрса да, айтатындары: «Жалғыз адамның сөзі алынбайды» дейді. Мұны қалай түсінуге болады? Егер әкім айтқандай орынбасары керемет адам болса, пәленбай мың айыппұл төлемес еді ғой. Неліктен әлі күнге дейін мониторинг топтың төрайымы болып отырғанын түсінбеймін. Әкімге мәселемізді шешеміз деп барсақ, ол орынбасарын жақтап отыр. Сонда біз кімбіз? Кімге барып, уәжімізді айтамыз? Менің сыртымнан «Қашаннан бері мектепте істеп жатыр?» «Қандай тәрбие ісінің орынбасары?» деп сұрастыратын көрінеді. Мұны артымнан шам алып түсу деп түсінемін,-деген Інжумаржан Ғазизова аудандық білім бөлімі шақыртқанын айтады.
— Мектеп директорына да, білім бөлімінің басшысына бәрін түсіндірдім. «Ертеңгі күні сізге облыстық білім басқармасынан хабарласса, барлығын ашып айтсаңыз» деп айттым,-дейді ол.
Казталов ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Талғат Хайдаров Зәйлім Мажитова ҚР Бас мемлекеттік санитарының №58 қаулысындағы және БҚО бас санитарының №31 қаулысындағы ережені бұзғанын, сол үшін оған 638 мың 940 теңге айыппұл салынғанын айтты.
— Желтоқсан айының 3-і күні бізге аудандық полиция бөлімі Зәйлім Мажитоваға қатысты жинақталған іс құжаттарды жолдады. Сол іс бойынша тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес, хаттама толтырылып, Зәйлім Исатайқызына 230 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. О кісі жеті күннің ішінде – 50 пайызын яғни 319 мың 470 теңгені төледі,-деді Талғат Хайдаров.
Зәйлім Мажитова осынша соммада айыппұл арқаласа да, карантин режимін тағы бұзған. 19 қаңтар күні Жалпақтал ауылында өткен көпшілік іс-шараға қатысқан ол бетпердесіз жүрген. Жергілікті «Ауыл айнасы» газеті фейсбук парақшасына іс-шара туралы шағын ақпаратты фотомен бірге шығарған. Сонда ешқандай санитарлық талаптың сақталмағаны, Зәйлім Мажитова мен шараға қатысқандардың бетперде тақпағаны анық көрінеді. Фейсбук қолданушылардың біразы «Санитарлық талаптар сақталмаған шараға кім рұқсат берген?» деген сарында пікір қалдырған. Кейін ақпарат суреттерімен қоса өшірілген. Алайда мұны Інжумаржан Ғазизова скриншот жасап үлгерген.

«Орал апталығы» тілшісі Зәйлім Мажитованың өзімен тілдесу үшін Казталов ауданы әкімдігіне барған. Кіреберісте тұрған күзетші о кісінің жоқ екенін айтты. Аудан әкімі Альберт Есалиевпен жолығу үшін екі сағатқа жуық күтуіне тура келді. Әкім қабылдаған бойда «Видеоға түсіре беріңіздер, бірақ видеоны әлеуметтік желіге салуға мен рұқсат бермеймін» деді. Зәйлім Мажитованың еңбек демалысында екенін, маска тақпағаны үшін орынбасырын мониторинг топ төрайымдығынан алып тастай алмайтынын айтты.
— Зәйлім Исатайқызынан Неліктен маска тақпағаны жөнінде түсініктеме сұрағанымызда «денсаулығыма байланысты» деді. Жүрегі ауырады екен. Маска таққанда ауа жетпей қалатындықтан арасында масканы шешіп тастайтынын айтып, өз кінәсін мойындады. Карантин тәртібін бұзғаны үшін айыппұлда төледі. Маска тағу-тақпауға әр қызметкердің өзі жауапты. Мен енді кім маска тақты, кім тақпай жүргенін қадағалап жүрмеймін ғой. Оны қадағалайтын арнайы мекеме бар. Маска тақпағаны үшін жұмыстан шығарып жібере де алмаймын. Жасы үлкен адам қасында жүріп, маскасын тағып, шешіп отырмаймын ғой. Жалпы, Зәйлім Мажитова осы ауданда сегіз жыл қызмет еткен адам. Арыз жазған адамға қарағанда да, басқаға қарағанда да қоғамға, ауданға пайдасы тиген, үлкен жұмыс жасаған тұлға. О кісі жүрегін осы ауданның проблемасын шешемін деп ауыртқан болар. Зәйлім Исатайқызының мониторинг топтың төрайымы болып қалуы – заңда айыппұл төлеген адам төрайым болмасын деген пункт жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, менің үш орынбасарым бар. Әлеуметтік салаға осы Зәйлім Мажитова жауапты. Сондықтан ол мониторинг топты басқарады. Бұ кісінің еңбекқорлығының арқасында көптеген адам өлімнен аман қалды. Бір сөзбен айтқанда мониторинг топта жақсы жұмыс істеп келеді. Осы кісі сияқты жұмыс істейтін адам болмай тұр ,-дейді Казталов ауданы әкімі Альберт Есалиев.
Әкім Зәйлім Мажитованың 19 қаңтарда өткен іс-шарада маска тақпай карантин тәртібін бұзғанынан бейхабар екенін айтады.
— Бұған қатысты мен сізге ештеңе айта алмаймын. Зәйлім Исатайқызының қайда жүргенін қарап отырмаймын,-деп қысқа қайырды. Және мұғалімдердің ешқайсысына қудалау болмайтынын айтып сендірді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істергі агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев «Біреуге маска тақ деп талап қоятын адам бірінші кезекте өзі сол талапты орындап, үлгі болуы керек. Әрбір мемлекеттік қызметкер заңмен қойылған талаптарға бағынуы тиіс. Егер этика нормаларын бұзғандығы жөнінде қандайда бір факті болатын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады»,-деді.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
