БҚО-да «ҚазАвтоЖол» мекемесі сотқа тартылуда
БҚО-да республикалық маңызы бар жолдарды қардан және мұздан тазарту жұмыстарын дұрыс жүргізбегені үшін «ҚазАвтоЖол» мекемесіне ҚР Әкімшілік кодексінің 462-бабы, 3-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілген.

Облыстық полиция департаменті берген мәліметте күре жолдардың тазаланбағаны салдарынан 16 жол-көлік оқиғасы тіркелгені, көлік иелеріне материалдық шығын келтіргені үшін 17 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны көрсетілген.
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері республикалық жолдарда 17 жол апатына шыққанын, Орал-Атырау бағытындағы жолға 12 рет баруына тура келгенін айтады.
– Төрт жеңіл, бес ауыр жүк көлігі жолдан шығып кету жағдайы орын алды. Және екі жеңіл көлік қар құрсауында қалып, бір рет жол көлік оқиғасы тіркелді. Самара-Шымкент бағытындағы жолда да екі жүк көлігі жолдан шығып кетті, жүргізушілер эвакуациядан бас тартты, зардап шеккендер жоқ. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу арқылы адамдарды құтқару және эвакуациялау кезінде жеке тұлғалардан ақы алу қарастырылмаған, департаменттің бөлімшелері жүк көліктерін сүйреу қызметін көрсетпейді,- дейді.
«Орал апталығы» жолдарды күтіп ұстауға қанша ақша бөлінгенін білу үшін «ҚазАвтоЖол» мекемесіне ресми сауал жолдаған. Олар берген жауапта маңызы бар автожолдар желісі 1414 шақырым құрайтыны, жолдарды күтіп ұстауға 2021 жылы республикалық бюджеттен 850 млн.теңге бөлінгені жазылған.
-Автомобиль жолдарына қызмет көрсетуге 78 техника бар. Соның 49-ы қыс мезгіліне (автогрейдер, шнекоротор, трактор, жүк тиегіш, бульдозер, КДМ машинасы) арналған. Қосымша 14 техникаға келісім шарт жасалды. Қар тазалу және көктайғаққа қарсы 11000 тонна құм-тұз қоспасы дайындалып, соның қазір 5500 тоннасы қалды. Тұздың мөлшері нормативке сәйкес, 10-20 пайызды құрайды,-дейді.
Материал толықтырылады
Есенжол Елекенов