БҚО-да тас жолдарға жауапты мекемеге айыппұл салынды
«Казахавтодор» ЖШС компаниясына республикалық маңызы бар тас жолдарды дұрыс тазаламағаны үшін 74 миллион теңге айыппұл салынды. Мердігерге қатысты айыппұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ БҚО филиалы хабарлады.

– Осы факт бойынша мердігерге бұйрық шығарылды, ақпан айының соңында шара қабылданады. Осындай жағдай үшін аталған компанияға 74 миллион теңге көлемінде айыппұл салғанын хабарлаймыз», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК облыстық филиалы мамандары Шымкент – Самара, Орал – Ресей бағытындағы тас жолдарға мониторинг жүргізгенде көк тайғаққа қарсы материалдар шашылмағанын анықтаған.
Тексеріс кезінде мамандар күре жолдарды тазарту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендігін көрген. Жауаптыларға ескерту беріп, кемшіліктерді дереу жоюға тапсырма берген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін полиция «Казахавтодорға» өз жұмыстарына салғырт қарағаны үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 462-бабы, 3-бөлігі сәйкес хаттама толтырып, сотқа жіберген болатын. Және 17 шенеунік жауапкершілікке тартылған еді.
Е.Елекенов