БҚО-да аурухана басшысының әйелі заңсыз жалақы алған

БҚО Ақжайық ауылы Теректі ауданының 2-ауруханасы басшысы Бекзат Кубаевтың акушер-гинеколог болып жұмыс істейтін әйелі Әсемгүл Жұрманова өткен жылы пандемияның өршіп тұрған кезінде заңсыз ақша алып келген. Бұл бассыздықты аурухананың хирургі Марлен Жарылғасынов пен эпидемиолог Мирас Әлібекұлы әшкереледі.

2020 жылдың маусым айының соңында аурухана жанынан 20 адамдық стационар ашылған. Марлен мен Мирас сонда жұмыс істеген. Олар бұл заңсыз әрекетті сол кезде көргендерін айтады.

— Пандемия кезінде мен стационарда алдымен 14 күн, сосын 10 күн жұмыс істедім. Науқастар көп, үсті-үстіне түсіп жатты. Жағдай өте қиын болды. Бір күні кімнің жұмыс істегені толтырылатын табелден стационарда мүлдем жұмыс істемеген екі адамның фамилиясын көріп қалдым, мұқият қарасам, аты-жөндері мен банк картасының есеп-шот нөмірі жазулы тұр. Сосын қасымдағы әріптестерімнен «Бұ кісілер стационарда жұмыс істеген жоқ қой, табелге кім қойып жүр?» деп сұрадым. Білмейтіндерін айтты. Сөйтсек, табелде жазылғандардың бірі – аурухана басшысы Бекзат Кубаевтың әйелі Әсемгүл Жұрманова, екіншісі – амбулаторияда жұмыс істейтін адам болып шықты. Әсемгүл Жұрманова өзіне күніне сегіз сағаттан қойдырып, алты күнге 274 мың теңге қасындағысы 200 мыңның үстінде алған. Қиын-қыстау кезінде халықтың денсаулығын ойлаудың орнына бұлар ақша жеуді ғана ойлаған,-дейді Марлен Жарылғасынов.

Бекзат Кубаев пен әйелі Әсемгүл Жұрманова 

Осы заңсыздықтың куәсі болған Марлен мен Мирас үндемей қалып, көз жұма қарауға намыстанып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаментіне тергеу жүргізулерін сұрап барған. Алайда департамент өкілдері бұл мәселеге біраз уақытқа дейін назар аударғылары келмеген.

— Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жылы жауып қоя салатынын білген соң, қыркүйек айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаментіне бардық. Басында арыз-шағымды анонимно қалдырғымыз келген. Бірақ олар біресе, «анонимно қарау ұзақ уақыт алады» десе, біресе, «анонимно қарамаймыз» деді. Біз арыз-шағым қалдырмай кетіп қалдық. Ойлана келе мұны жайдан-жай қалдырғымыз келмей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің «1424» call-орталығына қоңырау шалдым, олар мені жергілікті қызметке бағыттады. 27 желтоқсан күні қайтадан барып арыз-шағым қалдырдық. Соның өзінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаменті «әне қараймыз, міне қараймыз» деп біраз созып жүрді. Шамамен бір айдан асқаннан кейін менің шағымыма жауап берді. Жауаптарында «факт анықталды, алған ақшаларын мемлекет бюджетіне кері қайтарды, бұл жерде ешқандай қылмыстық іс жоқ» делінген, болды. Содан ақпан айының басында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гизатолла Лямов бастаған қасында тағы бес адам бар комиссия құрамы келіп, тексеріс жүргізгендей болды. Бұлардың да айтқан жауаптары ақылға сыймайды. «Ақшаны қайтарған, анау да мынау» деп қарап тұр. Бұл енді қателік жасаған баланың басынан сипап, «балам, келесіде қайталама, жарайма?» деп арқасынан қағып қойғанмен бірдей ғой. Сонда заң қайда қалды? Кінәлі екендері дәлелденіп тұр емес пе? Денсаулық сақтау басқармасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің бұған жеңіл-желпі қарағандарына мүлдем түсіне алар емеспін,- дейді Марлен Жарылғасынов.

Марленнің бұл айтқандарын әріптесі Мирас та қолдады. Ол да осы сарында пікір білдірді.

— Біз бәріне жүгіндік, барлық дәлелдерді көрсеттік, бірақ алға жылжу жоқ. Біз тек әділеттілік болғанын қалаймыз. Басқа ештеңе қажет емес,- деді Мирас Әлібекұлы.

Олар аурухана басшысы Бекзат Кубаев әйелінің заңсыз ақша алғанын білмеді емес, біледі дейді. Мұның барлығы басшының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып отыр деп есептейді. Екеуі Бекзат Кубаевтан жағдайды түсіндіруін талап еткен.

— Мирас екеуміз аурухана басшысы Бекзат Кубаевтан жағдайды түсіндіруін сұрадық. Ол «әйелім статист болып жұмыс істеді» деді. Сосын біз «жұмыс істеді деп отырсыз ғой, аға медбике Гүлмира Изделиеваны шақыртыңыз, со кісіден сұрайық» дедік. О кісі келді, стационарда Әсемгүл Жұрманованың жұмыс істемегенін айтты. Стационардың ішінде жүргеннен кейін, кімнің жұмыс істеп, кімнің істемегенін біз жақсы білеміз ғой. Егер шынымен жұмыс істеген болса, ақшаны кейін қайтармайтын еді ғой. Қызметін асыра пайдаланып, ойларына келгенін істеп отыр,- дейді Марлен Жарылғасынов.

Марлен мен Мирас бұдан бөлек ауруханада мамандардың тапшы екенін, дәрі-дәрмекке жарымай отырғандарын да айтты.

— Қабылдау бөлімінде медбике жоқ. Науқас келгенде сырттан қоңырауды басып, ұзақ уақыт күтіп тұруларына тура келеді. Қоңырау демекші, бұрын осы қоңырауда болған жоқ. Күні кеше тексеріс келеді дегеннен кейін ғана орнатты. Бұл – бір. Екіншіден, ауруханада мамандар жетіспегені өз алдына дәрі-дәрмек жоқтың қасы. Дәрі сұрасақ, «тапсырыс бердік, әлі келген жоқ» деп, айтатын жауаптары осы,- дейді Мирас пен Марлен.

«Орал апталығы» тілшісі аурухана басшысы Бекзат Кубаевтан пікір сұраған. Алғашында ол «бос емеспін, онлайн өтіп жатқан селекторлық жиында отырмын» деді. Жиында отырса да, тілшінің Әсемгүл Жұрмановамен ( Бекзат Кубаевтың зайыбы – ред) тілдесуіне қарсы болды. Кабинетінен шығып, «ауруханадан шығыңыздар, полиция шақыртамын» деп сес көрсетті. Тілші үш сағат бойы оны төменде күтіп тұрғанда ауруханаға екі полиция қызметкері келіп, жоғарыға көтеріліп кетті. Шамамен он минуттан соң Бекзат Кубаевтың өзі төменге түсті,  артынан 15 шақты қызметкері бірге келді. Бірақ олардың арасында әйелі Әсемгүл Жұрманова болған жоқ.

— Факті болғаны рас. Құзырлы органдар тексеріс жүргізді, алған ақша қайтарылды. Сол кезде адам жетіспегеннен кейін әйелім табелге тіркелді, бірақ оның орнына басқа біреу жұмыс істеді. Қалған сұрақтарға жауап бермеймін, басқа айтарым жоқ,-деді  Бекзат Кубаев.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманова бұл мәселеден хабардар екенін, алайда мұнымен әріптесі Гизатолла Лямов (басшының орынбасары – ред) айналысқандықтан ештеңе айта алмайтынын айтты. Ал Гизатолла Лямов болса, «мен мұнымен айналысқан жоқпын, ештеңе айтпаймын» деп пікір білдіруден бас тартты.

Айта кетейік, Бекзат Кубаев 2018 жылдың 20 шілдесінде 45 жастағы әйелді көлігімен қағып кетіп, істі болған.

Есенжол Елекенов

Помогите нам рассказывать правду

Наши журналисты не боятся добывать правду, чтобы показывать ее вам. В стране, где власти постоянно хотят что-то запретить, в том числе - запретить говорить правду, должны быть издания, которые продолжают заниматься настоящей журналистикой.

Мы хотим зависеть только от вас — тех, кто хочет знать правду, тех, кто не боится быть свободным. Помогите нам рассказать вам правду.

Пожалуйста, поддержите нас своим вкладом в независимую журналистику!

Это просто сделать.

Можете нас поддержать через KASPI GOLD, отправив свою сумму на номер 8 777 761 02 61

x
2026-09-13
Утром10.4 ℃
Днем16.95 ℃
Вечером19.04 ℃
Ночью17.23 ℃
Влажность62 %
ДавлениеhPa 1020
Скорость ветра4.12 м/с
2026-09-14
Утром14.55 ℃
Днем19.18 ℃
Вечером20.33 ℃
Ночью16.76 ℃
Влажность62 %
ДавлениеhPa 1019
Скорость ветра3.25 м/с