Жемқорлықпен күрес департаменті жемқорлықты көрмейді
БҚО Теректі аудандық №2-аурухана басшысы Бекзат Кубаевтың әйелі Әсемгүл Жұрманова мен тағы бір адамның пандемия кезінде заңсыз ақша «жымқырғаны» қылмыстық іске жатса да, іс қаралмайды. Өйткені құзырлы органдар мұнда қылмыстық құрам жоқ танып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 181- бабы, 5-бөлігіне сәйкес тексеріс жүргізілгенін айтады. Шенеуніктің сөзінше, қаржылық құқық бұзушылық анықталса да, қылмыстық істі тергеуге ешқандай негіз жоқ.
– Себебі келтірілген шығын аса үлкен мөлшерде емес. Қылмыстық іс қозғау үшін келтірілген шығын 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен (500 мың теңгеден аса – ред) асуы керек. Ал бұл аспайды. Мемлекетке ешқандай зиян келтірген жоқ,-дейді департамент өкілі Нұрдәулет Сәмет.
Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабына (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) сілтеме жасағанымен бас дәрігер Бекзат Кубаевты оның келіншегі Әсемгүл Жұрманова және қасындағы адамды жазалау орынсыз екенін алға тартты. Шенеунік «Орал апталығы» тілшісінің қойған сұрақтарына жауап беруден бас тартатынын айтты.
Айта кетейік, бұл жағдайды осыған дейін жазған болатынбыз.
Есенжол Елекенов