Оралда мектеп оқушыларына университет оқытушылары сабақ беруде
«Alternative tutor» онлайн – репетитор жұмысы аясында «Озат тәжірибелі педагогтер» қауымдастығы мен М.Өтемісов атындағы БҚУ оқытушылары аптасына үш рет 9-11 сынып оқушыларына жаратылыстану, математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттары бойынша білім беруде.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева айтты.
-Білім сапасын арттыру оқушылардың білімін толықтыру мақсатында 12 қаңтар мен 15 мамыр аралығында оқушыларды қорытынды аттестаттауға дайындау, білім сапасын көтеру үшін 400-ден астам мектеп бітірушілеріне «On-line» консультациялар ұйымдастырылуда. Оған М.Өтемісов атындағы БҚУ, Жәңгірхан атындағы БҚАТУ, «Үздік педагогтер» қауымдастығы, «Достық», «BILIM» білім орталықтарының педагогтарі тартылды,-дейді Светлана Темірғалиева.
Оның айтуынша, оқушылар мектепке формамен келудің қажеті жоқ. Яғни еркін, ұқыпты және жинақы киіммен келуге рұқсат етіледі. Сондықтан ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ.
-Өңірімізде санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып, тұрақтануына байланысты, 1 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 ақпандағы №9 қаулысына сәйкес, жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып білім алушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді. Оқу пәндерінің штаттық немесе қашықтан оқыту форматтарында жүргізілуін және оқу сағаттарының санын анықтауды мектептер дербес шешеді. Білім және ғылым министрлігі «Көркем еңбек» және «Музыка» пәндерін 1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді штаттық форматқа көшіруді ұсынған болатын. Тек ерекше жағдайларда, ауырғанда немесе науқастармен қарым-қатынас жағдайларында ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан форматында оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі,-деп қорытындылады Светлана Темірғалиева