БҚО-да мектеп есепшісі 22 миллион теңгеден астам қаражат жымқырған
Батыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті Теректі ауданының музыка мектебінде ұрлық орын алғанын анықтады. Анықталғандай, үш жыл ішінде мектеп бухгалтері 22 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген, деп жазады Tengrinews.kz тілшісі.

Аудиторлар атап өткендей, олар БҚО білім басқармасы Теректі ауданының білім бөлімінің «Теректі «балалар музыка мектебі» МКҚК-да жоспардан тыс іс-шара өткізді. 2018 жылдан 2020 жылға дейін кәсіпорын қызметкерлеріне жалақы есептеу кезінде заңнаманың сақталуын тексерген.
«Аудит нәтижелері бойынша музыка мектебінің қызметкерлеріне 26,6 миллион теңге көлемінде жалақы түрінде негізсіз ақша аударымдары анықталды. Заңсыз төлемдердің негізгі сомасы кәсіпорынның бас бухгалтеріне тиесілі. Ол өзінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, өзінің карточкалық шотына 22,3 миллион теңге аударды», – деп хабарлады БҚО бойынша ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары Қайролла Нұрмұқанов.
Аудиторлар бұл іс-әрекеттер электрондық цифрлық қолтаңбаны бас бухгалтерге берген кәсіпорын басшылығы тарапынан бақылаусыздықтың салдары болғанын, оны пайдакүнемдік мақсаттар үшін пайдаланғанын атап өтті. Қазір материалдар шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.
«Қазіргі уақытта бухгалтер жұмыстан шеттетілді. Ол өз еркімен сегіз миллион теңгені бюджетке қайтарды. Қазір қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде. Мәселе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен аймақтық прокуратураның бақылауында», – деп атап өтті Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде.