Кәсіпкерлік нысандарға 600 мың теңгеден аса айыппұл салынды
Оралда мониторинг топ өкілдері наурыз айының басынан бастап, карантин тәртібін бұзған 15 қоғамдық тамақтану орнына хаттама толтырып, 600 мың теңгеден аса айппұл салған.

Мұны коронавирусқа қарсы жедел штаб отырысында БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев айтты.
– Үнемі карантин тәртібін бұзғаны үшін алты қоғамдық тамақтану орнына әкімшілік шара қолданылып, іс облыстық сотқа жолданған болатын. Сот нысандардың жұмысын екі айға дейін тоқтату туралы шешім шығарды,- дейді ол.
Оның айтуынша, қоғамдық көліктерде, көпшілік орындарда адамдардың бетперде тақпай жүруі әлі де орын алып отыр. «бұлай жалғаса берсе, карантин шараларын одан әрі күшейтуге мәжбүрміз» деген Нұрлыбек Мұстаев облыстағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.
– Наурыз айының 1-інен бастап, күні бүгінге дейін 870 адам коронавирус жұқтырды. Олардың 37,4 пайызы жұмыс істейдіндер болса, 24 пайызы зейнеткерлер, 17 пайызы жұмыссыз азаматтар, оқушылар арасында 8,7 пайыз, медицина және мұғалімдер арасында 3,2 пайызды құрап отыр. Үшінші тоқсан басталғалы өңірде 334 оқушы індет жұқтырды. Оның 181-і офлайн формата, 153-і қашықтан оқығандар,-дейді Нұрлыбек Мұстаев.
Жедел штаб отырысында Орал қаласы әкімі Абат Шыныбеков жыл басынан күні бүгінге дейін қоғамдық тамақтану орындарында карантин шараларын бұзған 73 факті орын алғанын, оларға 2 млн. 200 мың теңге айыппұл салынғанын айтты.
– Көпшілік іс-шара өткізу тоқтамай тұр. Мониторинг топ өкілдері түнгі екіге дейін бақыласа деп отырмыз. Облыстың «қызыл» аймаққа кіруіне байланысты енді қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын 22.00-ге дейін қысқартуды ұсынамын,-деді қала әкімі.