Жанар-жағармай бағасы шарықтап барады
Қазақстанда жанар-жағармай, бензин бағасы тағы да қымбаттады. Бағаның шарықтауы Батыс Қазақстан облысын да айналып өтпеді. Осыдан бір-екі апта бұрын халық көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 144 теңге болса, қазір 147-159 теңге аралығында сатылуда.
Бірқатар жанармай құю бекетінде дизель отынының бағасы 92 маркалы бензин бағасынан да қымбат. Мәселен, АИ-95 маркалы бензин 168-182, дизель отыны 170-180, газ 65-90 теңге аралығын құрап отыр.
Жанармай құю бекеттерінің операторлары жанар-жағармай бағасының қымбаттауын ешкім түсіндірмегенін, бар болғаны басшыларының тапсырмасын орындап отырғанын айтты.
Орал мен Тасқала ауданы арасында күн сайын жолаушылар тасымалдайтын жеке автокөлік иесі Самат Ғайнуллин бензин бағасының қымбаттауы жолаушылардың жол ақысының өсуіне себепкер болуы мүмкін екенін айтады.
– Үкімет халықтың жағдайын жақсартып, бағаны ұстап тұрудың орнына қымбаттатқанның үстіне қамбаттатып жатыр. Бұл дегеніміз – таза халықты қанау ғой. Тапқан табысымыз шайлығымыз бен кредит төлеуден ауыспайтын біздерге өте қиын болды,- дейді ол.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының берген мәліметінде бағаның былайша өсуі мұнай өнімдерінің көтерме бағасы мен тасымалдау құны өскендіктен деп көрсетілген.
– Қазіргі таңда облыста барлығы 103 жанармай құю бекеті бар. Бұдан бөлек, «Алау», «Тәуекел», «BKKS LPG» ЖШС осы үшеуі газ сатумен айналысады. Ай сайынғы тұтыну көлемі шамамен 2600-3000 тонна,-делінген мәліметте.
Алайда аталған басқарма «Орал апталығы» тілшісінің «Таяу күндері баға тағы өсуі мүмкін бе?» деген сауалына жауап бермеді.