Қарға адым жер мұң болған Жәнібектің жолы
Жәнібек ауданының тұрғындары жыл сайын жолсыздық проблемасына тап болып, тар жол, тайғақ кешіп жол азабын тартуда.
Жүрем десең, көре бересің, Көре берсең, көне бересің, дегендей тозығы жеткен жолдың азабын тартқан тұрғындар мен автокөлік жүргізушілер жан айқайларын әлеуметтік желі арқылы жеткізді.
2018-де осы жолды жөндеуге тапсырма берілген еді. Жөндеу жұмыстары 2019-да басталып, 2021-де бітеді деп жоспарланған болатын. Алайда осы үш жылда 3 шақырым ғана жол салыныпты. Казталовкадан Жәнібекке дейін 150 шақырым екенін ескерсек, қазіргі қарқынмен құрылыстың қашан бітерін болжаудың өзі қиын. Ол аз десеңіз, қазір айналма жолдар көлкіген суға толып, көліктер жүре алмай қатынас үзіліп отыр.
Көктем келісімен Жәнібек ауданының тұрғындары үшін қалаға бару қиямет қайым. Машиналар балшыққа батып қарға адым жер мұң болады.
Жыл сайын осындай проблема. Казталов ауданынан Жәнібек ауданына дейінгі жолдың ұзындығы шамамен 250 шақырымды құрайды, біз жолдың осы бөлігіне 12 сағаттан астам уақыт жұмсаймыз, дейді тұрғындар.
«Қазавтожол» АҚ БҚОФ-да трасса учаскесі Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы автожолына күрделі жөндеу жүргізетін «Теміржол Жөндеу» ЖШС мердігерлік ұйымының қарауында екенін атап өтті.
– Ауа райының қолайсыздығына байланысты (жаңбыр) трассаның жекелеген учаскелерінде су жиналып қалды. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде суды арнайы техникамен жыру жұмыстары жүргізілуде, жергілікті жерлердегі жұмысты техникалық қадағалау қызметі үйлестіреді. Су жүріс бөлігінен шығарылғаннан кейін шұғыл тәртіппен жүру бөлігі мен жол жиектерін кескіндеу, жоспарлау жүргізілетін болады. Штаттан тыс жағдай туындаған кезде сіз әрқашан «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ 1403 қысқа нөмірі бойынша хабарласа аласыз, – деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар, БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 24 наурыз күні Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округінде еріген су жолды шайып кетті. Қардың күрт еруіне байланысты сағат 18.00-де Бисен ауылынан 18 шақырым жерде облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолының 192-шақырымында су (ені 5 метр, тереңдігі 3-5 см) жолдың үстіне шығып кеткен.
Көлік қозғалысы бұзылған жоқ. Жергілікті атқарушы органдар (2 қызметкер, 1 техника) және полиция бөлімінің (1 қызметкер, 1 техника) күшімен кезекшілік ұйымдастырылды, – деп хабарлады ТЖ департаментінен.
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША: