Оралға көктем келді
Біздің қаламыздың басты бас ауруы бұл жолдар. Суға толған жолдың астындағы терең шұңқырға көліктерін соққан жүргізушілер де, кей жерлерде көлдей шалқыған судан өте алмаған жаяу жүргіншілер де қаламыздың қазіргі күйіне күйініп, жолдың жүдеу жағдайына қатты наразы.
Қармен бірге қаламыздың асфальттары да ерімесе екен, дейді ашулы тұрғындар. Қазір қаланың кей жерлерінен шұрқ тесік болып ойылған жолдарды, суағар жүйесінің жоқтығынан жиналып қалған шалшық суларды көруге болады. Әлбетте, мұның зардабын автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер көріп отыр.
Оралда жаңа салынған жолдың көпке бармай, шұрқ-тесік күйге түсуі жиі кездеседі.
Биыл қала көшелерін жөндеуге 300 млн. теңге жұмсалмақ. Мердігер компаниялар жұмыс ауқымына қарай сәуір-мамыр айларында іске кірісіп, қыркүйекте сәтін салса барлық жолды аяқтап тапсырамыз деп жоспарлап отыр. Орал қаласында жол жөндеу жұмыстарымен «Адал арна» ЖШС шұғылданатын болады.
Қалада жол жөндеу сәуір айының ортасынан басталады. Нормативтік құжаттамаға сәйкес ыстық асфальтты бетон қоспасын ауа температурасы + 10 ° С-тен төмен болмаған жағдайда төсеу керек.
Өткен жылдан бастап «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жол жөндеу жұмыстарының сапасын бағалауға тартылды. Сонымен қатар, мердігерлердің кепілдік мерзімі ұзартылды.
Қаламызға көктем келіп, қар ерігеннен кейін жолдардың от орнындай ойдым-ойдым, шұрқ-тесік болып жатқанын, кей жерлерде шалшық судың шалқар көлдей жайылғанын, көретіндер бар ма екен…