«Facebook-тағы видео жалған» әкім орынбасары жолдың су басып қалғанын жоққа шығарды
БҚО Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылына барар жолды еріген қар суы басып қалған. Мұны жергілікті тұрғындардың бірі видеоға түсіріп, Facebook әлеуметтік желісіне жүктеген.
Оқиға 23 наурыз күні болған. Видеода жолдың үстін су басып қалғаны тіпті бір шетін жырып кеткені анық көрінеді.
Алайда мұны Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев жоққа шығарды. Ол Facebook-та тарап жатқан видео шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
– Facebook-тағы видео жалған. Ондай нәрсе болған жоқ. Жолды шайып кеткен ештеңесі жоқ. Қазір жолда кезекшілер тұр. Бізде кеше кештен бері жаңбыр. Жол нашар екені рас,-деді Мейрамбек Аққалиев.
БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Нұралы Мусиев Бисен ауылынан 18 шақырым жерде облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолының 192-шақырымында осы жағдайдың болғанын растады.
– Еріген қар суы жолдың үстін басып қалған. Судың ені бес метр, тереңдігі 3-5 сантиметр болды. Көлік қозғалысы шектелген жоқ. Жергілікті атқарушы органдар бақылап отыр, – деді ол.