БҚО бірнеше үйге су кіру қаупі төнді
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 27 наурыз күні сағат 16.24-те Зашаған кенті Аязби көшесінде төрт үйді су басу қаупі төнгені жөнінде қоңырау шалынды.
Қардың еруі салдарынан екі үйдің сенесіне су кірген (деңгейі – 5-7 см). Тағы екі үйдің ауласына су жиналған. Оқиға орнында №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесі (2 адам, 2 мотопомпа, 1 техника) және «Жайық таза қала» ЖШС (6 адам, 3 техника) қызметкерлері су сору жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ қалаға қарасты Круглоозерный кентінде Борисюк пен Алматы көшелерінің қиылысында осындай жұмыстар атқарылды.
Жалпы, «Жайық таза қала» ЖШС күшімен қаладан 646398 текше метр қар шығарылып, 17660 текше метр су сорылды.
Сағат 18.35-те Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында Республика көшесі №137/1-мекенжайы маңына да жедел құтқару жасағы (3 адам, 1 мотопомпа, 1 техника) барды.
Кешке дейін Ақжайық ауданында ТЖ және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 860 текше метр су сорылды.
Теректі ауданы Подстепный ауылында да ТЖ күшімен 950 текше метр су сорылды.
ТЖ департаменті қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, мұндай жағдай тұрғындардың өз аулаларынан қарды уақтылы шығармауынан қалыптасып отыр.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, 28-29 наурызда облыста күн жылынуына (жауын-шашын да болуы ықтимал) байланысты қар тез еріп, жазық жерлермен су ағуы мүмкін», деп хабарлады ТЖ департаменті.