БҚО-да мал азығы тапшылығы орын алды
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңесте айтылды. Жаңақала ауданының әкімі шаруалар малдарын етке тапсыруға мәжбүр екенін хабарлады.
– Жалпы жыл басынан бері Қаратөбе, Сырым, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарынан 1200 тоннадан астам шөп тасымалданды, оның ішінде жергілікті тұрғындарға 750 тонна шөп төмендетілген бағамен сатылды. Аудан бойынша тасымалдау жұмыстарына 10 жүк көлігі тартылған. Мал азығын аудан аумағынан тыс жерлерге тасымалдаған 20-дан астам шаруа қожалықтарына жол шығындарын ішінара өтеу мақсатында жанар-жағармай материалдары берілді. Малдың жаппай қырылуы туралы ресми ақпарат түскен жоқ, – деді БҚО Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жем-шөп мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.