БҚО-да Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы тас жолы күрделі жөндеуден өтеді
Биыл Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы автожолының 139 шақырымын, сондай-ақ Өнеге-Бисен-Сайхин трассасының 103 шақырымын жөндеу жоспарлануда.
«ҚазАвтоЖол» ҰК » АҚ БҚОФ басшысы Әмір Кәрімбаев биыл жөндеу жұмыстарымен Казталовка – Жәнібек – РФ шекарасы трассасының 139 шақырымы және Өнеге-Бисен-Сайхин трассасының 103 шақырымы қамтылатынын хабарлады.
-Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайхин Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары облыс орталығы мен Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының Ресей шекарасына шығатын елді мекендері арасындағы көлік байланысы болып табылады. Бұл жолдар өткен ғасырдың 1970 жылдары салынған және қаржыландыру қаражатының тапшылығына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Бүгінгі таңда «Uniserv» ЖШС, «Теміржол жөндеу» ЖШС, «Теміржол жөндеу» ЖШС, «Атырау жолдары» ЖШС және «Ақжол құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымдары жөндеу жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлады Әмір Кәрімбаев.
Оның айтуынша, вахталық қалашықтарды жұмылдыру бойынша жұмыстар аяқталды, үш асфальт-бетон зауыты орнатылды, бір зауыт іске қосу сатысында. Сонымен қатар, жалпы көлемі бір мың тоннаға жуық битумды сақтауға арналған резервуарлар жабдықталды.
-Жұмыс жүргізу орындарына 100-ден астам жол техникасы жұмылдырылды және инертті материалдарды тасымалдау үшін қосымша техниканы көшіру жүргізілуде, барлық материал әкелінді және жол-құрылыс материалдары бар вагондарды үздіксіз қабылдау үшін үш теміржол тұйығы жөнделді және жұмыс жағдайына келтірілді. Соның ішінде қыс бойы және қазіргі уақытта қиыршық тас, құм-қиыршық тас қоспасы, темірбетон бұйымдары мен цемент дайындалуда, – деп қосты Әмір Кәрімбаев.
Биыл жолдарды жөндеуден басқа үш көпірдің құрылысын аяқтауды және 18 су өткізгіш құбыр жөндеуді жоспарлап отырмыз. Алайда, ведомство осы мақсаттарға қанша қаражат жұмсалатынын нақтылаған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайхин автожолдары облыстағы ең тозғандардың бірі болып саналады. Жыл сайын оңтүстік аудандардың тұрғындары көктемнің басталуымен батпақ жолда жүре алмай жол азабын тартады.