20 млрд теңгенің 7 миллиарды Өнеге-Сайқын бағытындағы жол құрылысына жұмсалады
БҚО-ның шалғайында жатқан Жәнібек пен Бөкей ордасы ауданына баратын күре жолдың құрылысына биыл республикалық бюджеттен 20 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы – 100 шақырым жол салынбақ.
Құрылысқа тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мекемесі болса, қаржы беруші – ұлттық экономика министрлігі. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің Батыс Қазақстан облысы филиалы басшысының орынбасары Шынар Ертаеваның айтуынша, жолдың жалпы құны 61 млрд теңгеге бағаланған. Бұған 139 шақырымды құрайтын Казталов–Жәнібек–РФ шекарасы және 103 шақырымды құрайтын Өнеге–Бисен–Сайқын бағытына жол салынады.
– Қазіргі таңда «Uniserv», «Теміржол жөндеу», «Атырау жолдары», «Ақжол құрылыс» ЖШС осы төрт мердігер мекеме жол салу жұмыстарын жүргізуде. Жол бойына вахталық қалашықтар тұрғызылып, үш асфальтобетон зауыты салынды, біреуі жақында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар жалпы көлемі бір мың тонна битум сақтайтын резервуар құрылғысы орнатылды. Өндіріс орындарына 100 данадан астам техника жұмылдырылды. Барлық материалдар сырттан жеткізілетіндіктен үш теміржол тұйықтары жөнделіп, жол-құрылыс материалдарын вагонмен тоқтаусыз жеткізу үшін толық қалпына келтірілді. Қазір қиыршық тас, құм- қиыршық қоспасы, темірбетон мен цемент тоқтаусыз әзірленуде,-дейді Шынар Ертаева.
Оның айтуынша, өткен жылы республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген. Оған тек 10 шақырым жол салынған.
– Былтыр ақша аз берді, ол ештеңеге жеткен жоқ. Енді биыл жол салу жұмыстары қарқын алады, бірақ осы жылы түбегейлі бітпейді,-деп атап өтті Шынар Ертаева.
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов бөлінген 20 млрд теңгенің 7 миллиарды Өнеге-Сайқын бағытындағы жол құрылысына жұмсалатынын айтты.
– Қалған 13 млрд теңге Казталов-Жәнібекке бөлініп тұр,-деді қысқа ғана пікір білдірген басқарма басшысы.
Айта кетейік, осы жылдың 20 ақпан күні БҚО әкімі Ғали Есқалиев есептік кездесуде «Жәнібек пен Сайқын ауылдарына дейінгі жолдардың құрылысы пандемияға байланысты баяу жүрді. Қаражат кері қайтарылды. Өйткені індетпен күресуге көп қаржы қажет болды. Биыл 129 шақырым жол салынады. Чапаев-Казталовка-Жәнібек Ресей шекарасы жолының 80 шақырымы жөнделеді. Жол құрылысы жұмыстарын биыл бітіріп үлгермесек, келесі жылы аяқталады»,-деген болатын.