БҚО-да індет жұқтырғандар саны күн санап көбеюде
БҚО-да жұқпалы аурулар ауруханасына коронавируспен күніне 40-50 адам түсуде. Екі жұқпалы аурулар ауруханасында қазір 236 адам жатыр.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының басшысы Надия Ахметованың айтуынша, індеттен ақпан айында 17, наурызда 25 адам қайтыс болған.
– Ақпан айымен салыстырғанда наурызда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Жағдай күннен күнге ушығып бара жатыр. Қазіргі таңда үш адам ӨЖЖ аппаратына қосылды. Бұдан бөлек, ауруханада коронавирус жұқтырған 12 аяғы ауыр әйел жатыр. Біз үнемі Ресей, Украина, Германия, Жапонияның мамандарымен кеңесіп тұрамыз,-дейді Надия Ахметова.
Қазір жұқпалы аурулар ауруханасына күн сайын 40-50 науқас түседі. 270 төсектің 236-сы жұмыспен қамтылған. Наурыз айының басында ковидті науқастарға арналған төсек-орындардың шамамен 35% – ы жұмыс істеді.
Өткен тәулікте өңірімізде ауру 104 адамнан анықталып, жалпы саны -15250 адамға жетті.