БҚО-да тойға келген 80 қонаққа айыппұл салынды
Бұдан былай айыппұл енді үйлену тойларын ұйымдастырушылар мен мейрамхана иелеріне ғана емес, іс-шараның барлық қонақтарына да салынады.

Бұл туралы бүгін, 5 сәуірде коронавируспен күрес жөніндегі жедел штабта БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев хабарлады. Оның айтуынша, егер іс-шараның әрбір қатысушысына 83 мың теңге айыппұл салынса, тәртіпке қол жеткізуге болады.
«Біз тек мейрамхана иелері мен бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларға ғана емес, барлық қатысушыларға да айыппұл саламыз. ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес, бүгінде 80 адам хаттама алды. Олардың әрқайсысына 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», – деді Арыспаев.
Облыстың бас санитарлық дәрігері атап өткендей, бұл тәжірибені мониторингтік топтар жүргізеді, егер СЭС-ке карантиндік шараларды бұзу туралы сигнал түссе, айыппұл салынады.
— Тіпті егер той үйде болса да айыппұл салынады. Тіпті 20 адам болса да, ұйымдастырушыларға да, қонақтарға да айыппұл салынады. Бұл тәжірибені әрі қарай да жалғастырамыз, — деп атап өтті өз баяндамасының соңында Мұхамғали Арыспаев.
Серік Есенов