БҚО-да өгей әкесінің зорлығынан кейін мектеп директоры қамауға алынды
Жаңақала мектеп-гимназиясының директоры ҚР ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша жауапқа тартылады. Мұғалім алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті хабарлады.

Сотта Жаңақала мектеп-гимназиясының бесінші сынып оқушысы үш жыл бойы өгей әкесі тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. Ер адам сотқа тартылып, 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкім шығару кезінде жеке ұйғарым шығарды, онда болған жағдайда білім беру мекемесі қызметкерлерінің жауапкершілік дәрежесін белгілеу талап етіледі.
«Мектеп-гимназия директоры қылмыс туралы хабарламады деген күдікке ілінді. Қылмыстық іс айыптау актісімен прокуратураға жіберілді», – деп хабарлады БҚО полиция департаментінен.
Сонымен бірге оқу орнының басшысы қызметінен шеттетіліп, соттың санкциясымен үй қамауына алынды.
«Мектеп директоры мен мұғалімдерге қатысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты үш рет тоқтатылды. Алайда аудан прокуратурасы бұл шешімнің күшін жойды. Тергеу күшейіп, менің клиентім күдікті деп танылды. Қазір менің клиентім қатты ауырып, ауруханада емделуге мәжбүр. Оған психологиялық қысым көрсетілуде, әйел қатты қиналыста тұр», – деді педагогтың адвокаты Айслу Биялиева.
Айта кетейік, Жаңақала мектеп-гимназиясының басқа педагогтары да қатаң сөгіс алды. Бірақ олар оқу орнында жұмысын жалғастыруда. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 34 жастағы бұрын сотталған өгей әкесі қызды 2016 жылы жыныстық қатынасқа итермелегені белгілі болды. Сонымен бірге, егер ол болған жағдай туралы біреуге айтса, оны және анасын өлтіремін деп қорқытқан. Қорқынышты шындық 2019 жылдың соңында ашылды.