БҚО-да кәсіп бастауға 312,5 млн. теңге грант берілген
БҚО-да өткен жылы 1127 адам «Бастау» жобасы арқылы оқытылған, соның 1016-сы бизнес жоспарын қорғаған. Алайда тек 572 адамға ғана әр қайсысына 555 мың теңгеден аса мемлекеттік грант берілген, гранттың жалпы сомаса – 312,5 млн. теңгені құраған.

Бұдан бөлек, 118 адам кәсіп бастауға 370,3 млн. теңге шағын несие алған. БҚО кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі жобаларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қаржыландыратынын айтады.
– «Бастау» жобасына жас ерекшелігіне қарамастан жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, оралмандар, көшіп келгендер, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері және бизнесі үш жылдан аз уақыт жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер қатыса алады,-дейді кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Айтуларынша, осы жылғы «Бастау» жобасы әлі басталмаған, қашан басталатыны да әзірге белгісіз. Жобаға қатысу үшін қала немесе аудандағы кәсіпкерлер палатасы филиалына бару қажет немесе онлайн өтінімді Atameken Academy платформасы арқылы да беруге болады.
Шағын кәсіпті дамытуға қатысты БҚО әкімі Ғали Есқалиев өзінің фейсбук парақшасында мемлекет жыл сайын «Еңбек» бағдарламасы бойынша облыс тұрғындарына бағытталған 100-580 мың теңге аралығындағы қайтарымсыз гранттарды беру үшін жүздеген миллион теңге бөліп келгенін айтқан болатын.
-Биыл 800,0 млн. теңгеге жуық қаржы жоспарланды. Біздің тұрғындар гранттарды не үшін алады? Олар көп жағдайда гранттарды құс өсіру үшін, тігін машиналары, кондитерлік жабдықтар, шаштараздар ашуға және т.б. мақсаттарға алады. Біздің бастамамызбен биылдан бастап бағдарламаға грант есебінен жеміс-жидек бұталары мен ағаштардың көшеттерін беру ұсынысын енгіздік.
Бұл бастама қайдан туындады?
1. Өкінішке орай өткен жылдары грант алғандардың ішінде тек 15-20% ғана өз кәсібін жүргізіп, тұрақты табыс көзін таба алды.
Біз зерттей келе нарықта жеміс-жидектерге (сондай-ақ олардың өңделген өнімдері – джем, тосап, кептірілген жемістер және т.б.) сұраныс жоғары екенін байқап отырмыз.
Қазірде біз өнімге мемлекеттік тапсырыс беру мәселесін пысықтап жатырмыз.
Баптап өсірілген бақ сізге жыл сайын тұрақты өнім (кіріс) алуға және келешекте 3-8 млн.теңге көлеміндегі жеңілдікпен шағын несие алуға мүмкіндік береді.
2. Облыстың әр ауылдық елдімекеніндегі көп отбасында бақшада, жерде жұмыс жасауға қабілетті адамдар бар (жасөспірім, ересек, зейнеткер).
Яғни, біздің табысы аз, мыңдаған отбасыларымыз өз үйлерінің жанынан өнім өсіріп, табыс таба алады. Ол үшін аулада 20 – 50 шаршы метр жер учаскесі болса жеткілікті.
3. Тәжірибесі бар және тәлімгер бола алатын адамдар да бар. Солардың бірі белгілі бағбанымыз – Кайрат Каримов. Ол жеміс-жидек бұталары мен ағаштарының көшеттерін сатып, оларды өсіруге ғылыми қолдау көрсете алады. Тәжірибесі мол бағбанның кеңестері бақты баптау барысында қателіктер жібермеуге және көп өнім алуға көмектеседі.
«Менің аулам – менің бағым» жобасын жүзеге асыру үшін қолдау көрсететін жанашырлар қажет. Олар:
– біздің жерлестеріміз бұл кәсіпті жүргізуді үйретіп, сүйікті тірлігіне айналдыра алады. Бұл жобаны кеңірек дәріптеу үшін әлеуметтік желілерді пайдалану керек. Түрлі вебинарлар өткізіп, БАҚ беттерінде кеңірек насихаттау қажет;
– жерлестеріміз осы бизнесті дөңгелетіп кетуге мүмкіндік беретін шешімдерді және осы жобаны одан әрі дамытуға өз идеяларын әкімдікке ұсыну қажет (мысалы, мектеп аймағында ұжымдық бақ ұйымдастыру үшін нормативті-құқықтық актілерге өзгертулер енгізу, мектеп пен бақшаны жалға алушылар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін сақтау және т.б.)
– әр үйді аралап, кімнің бау-бақша өсіргісі келетіндігін анықтап, қандай көмек керегін анықтайтын волонтерлердің жұмысын ұйымдастыру керек,-деген еді.