БҚО аңға шығып жоғалып кеткен 41 жастағы Орал тұрғыны іздестіріліп жатыр
Ер адамды іздеуге Аңқаты мен Ерсары ауылының тұрғындары, жоғалып кеткен азаматтың туыстары көмектесуде.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2-ші топтағы мүгедек Антон Борисов туыстарымен бірге Теректі ауданы Аңқаты ауылынан 20 шақырым жердегі Шалқар көлінің жағасына аң аулауға барған. 3 сәуірде түнгі сағат 2 шамасында туыстары оның жоғалып кеткенін байқайды. Түнде қараңғы болғандықтан, таңертең іздеуге кіріскен.
Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, әлі күнге дейін оның қайда екені белгісіз. Ер адамның қолында аңшы мылтығы бар.
ІІ топтағы мүгедек ер адам (сал ауруымен ауырады) арықша келген, бойы 175-180 см. Жоғалып кеткен күні сары-жасыл түсті камуфляж костюмін киген.
Қазір іздеу шараларына Ақжайық полиция бөлімінің 8 қызметкері, 3 автокөлік, БҚО төтенше жағдай департаментінің арнайы автокөліктегі 4 қызметкері жұмылдырылды. Сонымен қатар Аңқаты мен Ерсары ауылының 15 тұрғыны, жоғалып кеткен азаматтың 12 туысы да көмектесіп жатыр.