Оралда дүкенге шабуыл жасағандар ұсталды (БЕЙНЕ)
Оқиға 21 ақпан күні болған. Деркөл кентіндегі «Транзит» дүкеніне үш адам қарақшылақ шабуыл жасап, дүкеннің кассасынан 75 мың теңге және сол дүкеннің ішіндегі ақша айырбастау пункітінен 1,5 млн. теңгені алып, Ақтөбе қаласына қашып кеткен.

Орал қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Бисеновтың айтуынша, қылмыс жасағандардың екеуі – Ақтөбе қаласының, біреуі – Орал қаласының тұрғыны. Қазір олардың үстінен ҚР ҚК 192-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ұсталған азаматтар уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.
– Бұл азаматтар ұрлыққа жақсылап дайындалған. Яғни, дүкеннің нешеде ашылып, нешеде жабылатынын барлығын жан-жақты зерттеген. Бұл факт тіркелгеннен кейін жедел іздестіру тобы оларды бір аптаның ішінде қолға түсірді. Екеуі Ақтөбеде, біреуі Оралда қолға түсті. Қазір таңда сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр,-дейді Нұрлан Бисенов.
Оның сөзінше, ұсталғандардың үшеуі де бұрын қылмыс жасап, бірнеше рет сотталған. Олардың басқа да қылмыстық істерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Егер қылмыстары дәлелденсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады.