БҚО-да соңғы аптада коронавирус жұқтыру 14 пайызға өсті
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар алаңында мәлім еткеніндей, 26 наурыз – 1 сәуір аралығында 653 адамның ауырғаны тіркелсе, соңғы аптада (2-8 сәуір) 760-қа жетті.

Облыста қаңтарда 1837, ақпанда 1950, наурызда 2138 адам індет жұқтырса, сәуір айы басталғаннан бері 864 адамнан анықталды. Оған қоса олармен байланыста болған 1523 адам медициналық бақылауға алынды.
Сырқаттанғандардың 312-сі (36,1 пайызы) – жұмыс істейтіндер, 223-і (25,3 пайызы) – зейнеткерлер, 186-сы (21,5 пайызы) – жұмыссыздар, 57-сі (6,5 пайызы) – оқушылар, 28-і (3,2 пайызы) – медицина қызметкерлер, 17-сі (1,9 пайызы) – мұғалімдер.
«Облыста мониторингтік топтар да өз жұмысын жалғастыруда. 1 сәуірден бері 217 рейд жүргізіліп, 1443 нысан қамтылды. 11 нысанда бұзушылық анықталып, 16 хаттама толтырылды. Карантин талабын бұзушыларға 700 мыңнан астам теңге айыппұл салынды», деді М.Арыспаев.
Өткен тәулікте өңірімізде 130 адамнан анықталып, жалпы ауырғандар саны 16 140 адамға жетсе, Қазақстанда өткен тәулікте 2734 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны – 266 677 адамды құрады.
