БҚО коронавирустан қайтыс болғандар жағынан ең жоғары өңір болып тұр
Батыс Қазақстан облысында коронавирустық инфекциядан қайтыс болғандар саны өсті. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жедел штаб отырысында айтылды. Облыс басшысы Ғали Есқалиев жақын арада карантиннен босату күтілмейтінін атап өтті.

БҚО-да пандемия басталғалы бері коронавирус инфекциясынан 258 адам қайтыс болды. Өңірдегі өлім-жітім Қазақстанның басқа облыстарына қарағанда жоғары.
«Қазір он инфекциялық стационарда 573 адам коронавирустан емделуде. Толтыру деңгейі 71 пайыздан асады. 32 адам реанимацияда жатыр», — деді БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков.
Батыс Қазақстан облысының әкімі қайтыс болған батысқазақстандықтардың 73 пайызы – 65 жастан асқан адамдар екенін атап өтті.
«Біз ата-анамызға қауіп төндіреміз. Жастар үшін ауру симптомсыз өтуі мүмкін, бірақ олар үлкендерді жұқтырады. Бұқаралық іс-шараларды өткізуден тек қарт адамдар ғана емес, жастар да бас тартуы керек. Біз азаматтардың сағат 00-ден 06-ға дейін жүруіне тыйым салдық. Полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізген 15 жүргізуші анықталғанын хабарлады. Бұл шара ақталған», — деді БҚО әкімі Ғали Есқалиев.
БҚО коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша бір айға жуық «қызыл» аймақта тұр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте 113 адам індет жұқтырса, осы кезге дейін өңірде 16 498 адам сырқаттанған.
Өткен жылдың қыркүйегінен бері сырқаттанған балалар саны 757-ге жетсе, соның 552-сі биыл індет жұқтырған.
