БҚО-да бизнеске көмек ретінде Ashyq қосымшасы ұсынылды
Кафе, мейрамхана, фитнес-клуб иелері Ashyq қосымшасы арқылы келушілердің мәртебесін анықтайды. Егер қосымшада келушінің «қызыл» мәртебесі көрсетілсе — кіруге тыйым салынады, «жасыл» — рұқсат етіледі.

«Вакцинаны алғандар Ashyq қосымшасы арқылы адамдар көп жиналатын орындарға бара алады», — деп хабарлады облыс әкімі Ғали Есқалиев әкімдікте өткен жиында.
2021 жылғы 26 сәуірден бастап кәсіпкерлік нысандарында «Ashyq» пилоттық жобасын іске асыру аяқталады және жоба Қазақстан Республикасының барлық өңірлеріне таратылады.
Жедел штаб отырысында БҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов Ashyq қосымшасы туралы айтып берді. Ол пайдалануға дайын екенін және 14 сәуірде оны облыстың 25 кәсіпкері іске қосатынын хабарлады.
— Қосымша жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға бару мүмкіндігін болдырмауға, эпидемиологиялық қызметтің жедел деректері негізінде объектінің санитариялық паспортын қалыптастыруға мүмкіндік береді, сондай — ақ азаматтарды жұқтыру қаупінсіз шағын және орта бизнестің жұмысын қалпына келтіру мүмкіндігі пайда болады, — деп түсіндірді Нұржан Мақсотов.
Оның айтуынша, бағдарлама төмендегідей жұмыс істейді:
— Пайдаланушы смартфонына Ashyq қосымшасын орнатады;
— Қосымшада тіркеу процесі өтеді. Өз деректерін толтырады (ЖСН, телефон нөмірі, тұрғылықты мекенжайы);
— Мекемеге кірген кезде қосымшаның көмегімен мекеменің QR-кодын сканерлейді;
— Мекеме қызметкеріне өзінің мәртебесін көрсетеді.
Ashyq жобасының мәні — пайдаланушылар шартты түрде қызыл, сары, көк, жасыл түстерге бөлінеді және QR коды бойынша бірқатар мекемелерге жіберіледі.
Аshyq деген не?
Ashyq — қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеуге арналған қосымша. Нысанға кірмес бұрын пайдаланушы арнайы qr-кодты сканерлейді де, оны кіреберісте тұрған әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Ал азаматтардың статусы Денсаулық сақтау министрлігіндегі мәліметтер базасымен салыстырғаннан кейін белгілі болады.
«Қызыл» статус – егер азамат ПТР-тест тапсырып, ол оң нәтиже көрсеткенде беріледі. Мұндай статусы бар адамдар үйде оқшаулану режимін қатаң түрде сақтауы керек.
«Сары» статус – ауру жұқтырғандармен байланыста болғандарға беріледі. Оларға үй жанындағы азық-түлік дүкендеріне немесе дәріханаларға баруға рұқсат берілген. Бірақ қоғамдық орындарға баруға тыйым салынған.
«Көк» статус – ПТР-тест тапсыру міндетті болатын (мысалы, әуежай) орындардан басқа жерде еркін жүре алатын азаматтарға тағайындалады.
«Жасыл» статус — емін-еркін жүріп-тұра алатын адамдарға беріледі.
