БҚО-да мұғалім «тик-ток» түсіргені үшін жұмыстан шығарылған
БҚО Теректі ауданы балалар саз мектебі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Бисенғалиева «тик-ток» түсіргені үшін жұмыстан шығарылған. «Басшының бұл әрекетін заңсыз деп есептеймін» деген ол ешқандай педагогикалық этиканы бұзбадым дейді. Және қызметінен алынған күні денсаулығына байланысты (больничный) демалыста болғанын айтады.

– Мен 15 сәуірден бастап емделіп жатқан едім. Аяқ астынан жұмыстан шығарып жіберіпті. Ешқандай ескертуде берген жоқ. Бұл енді барып тұрған заңсыздық қой. Орныма баян, оркестр, ансамбльді қатар алып жүрген баян аспабы бөлімінің мұғалімі Мұхтар Саримовты қойған. Ол кісінің баян аспабы бойынша 10 оқушысы бар, аптасына әр оқушыға жеке-жеке екі сағаттан сабақ береді. Яғни, баян аспабында 20 сағаты бар. Оркестр, ансамбль бойынша да сағаттары бар. Барлығы 40 сағатты құрайды. Ал директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына 9 сағаттан артық алуға болмайды. Мұның өзі заң бұзушылық. Баян аспабы бөліміндегі оқушыларды қайда жіберейін деп отыр, оларға кім сабақ береді сонда?! Оқу жылының аяқталуына аз қалғанда бұлары дұрыс болмады. Директор Айдана Давлетова мен бас есепші Алексей Бердниковтың қылмыстық ісін осы жылдың қаңтар айында әшкерелеп, төрт мұғалім құзырлы органдарға арыз-шағым түсірген болатынбыз. Содан бастап ол маған тісін қайрап жүрген еді. Мұны менен өш алу үшін істеп отырғанына толық сенімдімін,- дейді Сандуғаш Бисенғалиева.
Сандуғаш өзін жұмыстан заңсыз шығарылғанына көз жұма қарамай, кеше, 16 сәуір күні облыстық еңбек инспекциясы басқармасы мен Теректі аудандық білім бөлімі басшысына арыз-шағым түсіргенін айтты.
Ол «тик-ток» түсіргенде тұрған ештеңе жоқ екенін, әдептен озып, озбыр қылық жасап, мұғалімдердің атына кір келтіретіндей ешнәрсе жасамадым дейді.
– Ән айтып, билеп видеоға түскен кездерім болды. Ол видеоларда боқтап-балағаттап немесе жаман қылық жасағаным жоқ. Парақшама кез келген адам кіріп, видеоларды қарай алмайды, өйткені шектеп қойғам. Қалай, қайдан алғанын білмеймін, директор Айдана Давлетова менің жеке видеоларымды мұғалімдер отыратын топтарға таратқан, таратып қана қоймай менің ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Бұл жерде этиканы мен емес, өзі бұзып отыр,-дейді Сандуғаш Бисенғалиева.
Теректі ауданы балалар саз мектебінің басшысы Айдана Давлетова болса, заңсыз әрекет жасамағанын, «тик-ток» түсіргені үшін Сандуғаш Бисенғалиеваға бірнеше рет ескерту бергенін айтады.
– Сандуғашты заңсыз жұмыстан шығарғаным жоқ. Оның түсірген видеолары педагогикалық этикаға қайшы. Бес ай бұрын оған бір рет ескерту бердім, тағы қайталағасын қатаң сөгіс бердім. Құлақ аспағасын жұмыстан шығардым,-дейді Айдана Давлетова.
Ал Теректі ауданы білім бөлімінің басшысы Жанаргүл Құсайынова Айдана Давлетованың әрекетін заңсыз деп бағалап, шешіміне келіспейтінін айтып отыр.
– Денсаулығына байланысты (больничный) демалыста жүрген адамды жұмыстан шығару әрине, барып тұрған заңсыздық. Айдана Ермекқызы орынбасарларын қызметтен алар да міндетті түрде бізге ескертуі керек. Ал ол болса, бірауыз айтқан да жоқ. Айдана өзінің лауазымдық қызметін асыра пайдаланып отыр деп есептеймін. Бұл жағдайды Сандуғаш хабарласып, баяндағанда ғана білдім. Енді Сандуғаштың айтуынша, өзінің жеке әлеуметтік желісінде «тик-ток» түсірген екен, сол видеоларды Айдана түрлі топтарға таратқан көрінеді. Біреудің жеке парақшасына кіріп, видеоларды таратуға ешкімнің құқы жоқ қой. Егер видеолар педагогикалық этикаға қайшы келетін болса, қызметкерімен отырып сөйлесіп, ескерту жасауы қажет. Айдана Ермекқызына қоңырау соққам, жауап бермей отыр. Біз тексеріс жүргіземіз, барлығын заң аясында шешеміз,-деді Жанаргүл Құсайынова.
Айта кетейік, «Орал апталығы» күні кеше Теректі ауданы саз мектебінің басшысы Айдана Давлетова мен бас есепші Алексей Бердниковтың қызметкерлердің зейнетақы, медициналық сақтандыру, жеке еңбек салығы тағы да басқа төлемдерді үш жыл бой аудармай, 22,3 млн теңге жымқырғандарын жазған еді.