БҚО-да демалыс күндері жол апатынан үш адам қаза тапты
БҚО-да үш жол-көлік оқиғасы орын алып, үш адам қаза тапты, төрт адам түрлі жарақатпен ауруханада жатыр, зардап шеккендердің арасында екі бала бар.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, бірінші оқиға 17 сәуір күні сағат 20.00-де Самара-Шымкент жолында болды.
21 жастағы жүргізуші «Ауди-80» автокөлігімен келе жатып, жолдағы шұңқырды айналып өтемін деп, рульге ие бола алмай, аударылуға жол берді.
Соның салдарынан автокөлікте отырған жолаушылар зардап шекті. 1966 жылғы әйел адам Орал қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай көз жұмды. 1996 жылғы әйел мен 2018 және 2020 жылғы кішкентай балалар түрлі жарақат алды.
18 сәуір күні сағат 17.19-да Ақжайық ауданы аумағында болды. Орал-Атырау жолының 205-шақырымында (трассалық- медициналық құтқару бекетінен 80 км қашықтықта) «Ниссан» автокөлігі жолдан шығып кетіп, аударылған.
Жол-көлік оқиғасы орнынан 1954 жылғы әйел мен 1957 жылғы ер адам Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Зардап шеккендер – Ақтөбе облысының тұрғындары. 19 сәуір күні әйел ауруханада қайтыс болды.
18 сәуір күні сағат 03.00-де Орал-Кирсанов жолының 13-шақырымында Бәйтерек ауданы Володар ауылы тұсында жол апаты болды. 1973 жылғы жүргізуші «Форд Галакси» автокөлігімен ер адамды қағып кетті. Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншінің 1959 жылғы тұрғын екендігін анықтады. Ол жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды.
Қазіргі кезде аталған үш дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3- бөлігіне (абайсызда адам өліміне соқтырған жол жүру ережесін бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.