Оралда Шаған су қоймасы толтырылды
Оралда 19 миллион текше метрге дейін су жинақтайтын Шаған су қоймасы 100% – ға толтырылды.
Үш күн ішінде саяжай алаптарын су басуына жол бермеу үшін Жайыққа 15 миллион текше метр су ағызылды.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан филиалы саяжайларды суару үшін қажетті су көлемі толық көлемде жиналғанын атап өтті.
– Шаған су қоймасы бойынша ең төменгі учаске – «Вымпел» бау-бақша қоғамы. Онда су деңгейі жеке учаскелерге жақындады. Қазір Шаған су торабындағы шандорлар жабылды. 100 пайыз су жиналды. Саяжай алаптарын суаруға су жеткілікті болады, – деді «Қазсушар» РМК БҚОФ Шаған учаскесінің бастығы Қадырбек Мұқанов.
Қадырбек Мұқанов әңгіме соңында бүгінгі күні су басу қаупі жоқ екенін, өйткені «Қазсушар» РМК БҚОФ Шаған учаскесінің қызметкерлері әр сағат сайын су деңгейін тексеретінін, барлығы бақылауда екенін хабарлады.
Жайық өзенінің деңгейі көтерілуді жалғастыруда. Ол былтырғы максимумнан асып түсті.
– Бүгінгі таңда Орал гидропостындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі 320 сантиметрді құрады. Өткен жылы максимум 307 сантиметр болды. Ириклин су қоймасында бос көлем шамамен 400 миллион текше метрді құрайды. Қазір одан суды ағызу секундына 30-дан 15 текше метрге дейін төмендеді. Жайықтағы су деңгейі Утва, Сакмара және Елек өзендеріне су келгеннен кейін артады деп үміттенеміз, – деп атап өтті бас инженер – гидролог Шынболат Ермағамбетов.
Айта кетейік, Жайық өзеніндегі судың деңгейі 850 сантиметрді құрайды.