Оралда ішкі саясат қызметкері карантин тәртібін бұзып, көпшілік іс-шара өткізген
Zhaloba_uralsk инстаграм парақшасында Әлихан Қайыров есімді адамның көпшілік іс-шара өткізгендігі жөнінде видео тарады. Видеоның астына пікір білдірген кейбіреулер оны қалалық әкімдіктің қызметкері деп сипаттады.
«Орал апталығы» тілшісі Орал қалалық және облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарласып, «Әкімдікте Әлихан Қайыров қызмет ете ме?» деп сұраған, алайда олар ондай адамның жұмыс істемейтінін айтты.
Анықтала келе Әлихан Қайыров БҚО ішкі саясат басқармасында жұмыс істейтіні белгілі болды. «Орал апталығы» тілшісі тарап жатырған видеоның анық-қанығына көз жеткізу үшін Әлихан Қайыровтың өзіне хабарласқан, ол көпшілік іс-шара өткізгенін мойындады.
– Ол видео 2020 жылдың маусым айының 6-сы күні үйде ұлымның шілдеханасында түсірілген болатын. Ол кезде көпшілік іс-шара өткізуге рұқсат берілді. Сенбесеңіз бас санитар Арыспаевтың қаулысын қарасаңыз болады. Бұл видеоны таратқан адамды таптым, үстінен шағымданатын боламын,-деді Әлихан Қайыров.
Ол тілшінің «Сіз видеоны былтырғы жылы түсірілді деп отырсыз ғой, сол көпшілік іс-шарада қанша адам болғанын айта аласыз ба?» деген сауалына «жоқ, айта алмаймын» деп жауап берді.
«Орал апталығы» тілшісі БҚО бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың өткен жылғы 6 маусымнан бастап күшіне енген қаулысын қараған. Ол жерде көпшілік іс-шара өткізуге болмайды деп тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр.
Бізге жіберілген фотода көпшілік іс-шараның былтыр емес, күні кеше өткізілгенін көруге болады. Яғни Әлихан Қайыров ұлының бір жасқа толуын «Азиза» мейрамханасында тойлаған.
Видеоға мұқият қарасаңыз, фотода екі шетте тұрған ер мен әйел бірдей киім кигенін көруге болады. Сонымен қатар, видеодағы бөлменің интерьері үйге емес, мейрамхананың банкет залына көбірек ұқсайды.
Есенжол Елекенов